Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Жайдарлы жаз: Ақтөбе балаларының демалысы қалай өтуде

13 Маусым 2025, 13:14
737
Бөлісу:
 кейіпкерлер мұрағатынан
Фото: кейіпкерлер мұрағатынан

Еліміздің барлық өңірінде жаздың шуақты күндерімен бірге балалар лагерьлері де өз жұмысын бастады. Биыл Ақтөбе облысында 291 мыңнан астам бала жазғы демалыспен қамтылып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаеваның айтуынша, бүгінде облыстың барлық аудандарында жазғы лагерьлер жұмыс істеп жатыр. Тіпті, олардың кейбірі бірінші маусымды артқа тастады. Балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді әрі көңілді өткізу, сондай-ақ олардың сауықтырылуын қамтамасыз ету үшін биыл облыста 2 мемлекеттік, 5 жекеменшік сауықтыру орталығы, мектеп жанындағы 699 лагерь (тамақпен – 305, бейінді лагерь – 394) және 49 қосымша білім беру ұйымы жанында жазғы алаңдар жұмыс істейтін болады.

Биылғы балалардың жазғы демалысын тиімді, мазмұнды, қауіпсіз ұйымдастыру үшін біз мемлекеттік органдармен бірлесіп, іс-шаралар жоспарын бекіттік. Сонымен қатар, өңірлік ведомствоаралық штаб құрылып, өткен жылғы жазғы демалыс компаниясының нәтижелері ескерілген жұмыс алгоритмін әзірледік. Соның нәтижесінде бүгінде демалыс нысандарын қабылдау және лагерь қызметкерлеріне нұсқау жүргізу кестелері жасақталды. Биылғы оқу жылында Ақтөбе облысында 1-10 сыныпта 174 959 оқушы білім алды. Ал жазғы маусымда жалпы саны 291 497 бала әртүрлі бағыттағы іс-шаралармен қамтылатын болады. Бұл жерде бала санының көбеюі бір оқушының бірнеше қызмет түрін пайдалануына байланысты. Түсінікті болу үшін айта кеткен жөн: мысалы, бір оқушы жазғы каникулда қала сыртындағы лагерьде де, мектеп жанындағы лагерьде де болып, экскурсияға шығып, қосымша білім беру ұйымдарындағы жазғы алаңдарға қатысуы мүмкін. Осыдан келіп демалушылардың саны білім алушы балалардың санынан артық болып тұр. Жалпы, биыл облыс бойынша балаларды лагерьлермен қамтуға жергілікті бюджет есебінен 228,1 миллион теңге қаражат бөлінді, - дейді ол.

Басқарма басшысының айтуынша, биыл Ақтөбе облысында оқушылар жазғы лагерьлермен қатар еңбекпен, туристік саяхатпен қамтылады. Мәселен, өңірде 686 жас “Жасыл ел” жасағына жіберілсе, 30 оқушы “Спарта” шаруашылығына барады. Ал туристік саяхатпен – 30 050, қосымша білім беру ұйымдары жанындағы жазғы алаңдармен 21 мыңнан астам бала қамтылады. Бұдан бөлек, 49 қосымша білім беру ұйымында 21 010 баланың бос уақыты ұйымдастырылады. Аула клубтары мен туризм орталықтарында тәрбиеленушілерге жаяу серуендер мен жорықтар өткізіледі.

Биыл екінші жыл қатарынан облысымызда “Қазақстан халқына” қоғамдық қорының қолдауымен ”Жаздық жолдама” әлеуметтік жобасы іске асырылып жатыр. Осы жоба аясында биыл 285 оқушыға квота бөлінді. Жазғы демалыс бағдарламасы еңбек, шығармашылық белсенділік, туристік, танымдық маршруттар, зияткерлік әрі білім беру іс-шараларын қамтиды. Тарихи-мәдени мұраны сақтау және балалар туризмін дамыту мақсатында қолға алынған “Тарих ізімен” жобасы шеңберінде облыс бойынша 28 321 баланы қамтитын 300 өлкетану жасағы құрылып, олар аймақтың, республиканың тарихи орындары мен көрікті жерлеріне барып қайтады, - дейді Бұлбұл Күзембаева.

Жайдарлы жаз: Ақтөбе балаларының демалысы қалай өтуде

Биыл Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өңірде 18 колледж базасында кәсіптік бағдарлау лагерлері ашылады. Атап айтқанда, “SKILLS CAMP” жобасы шеңберінде 3 мың оқушы уақытша студенттік билет алып, екі апта бойы колледждерде инженерлік, компьютерлік графика, Web-дизайн, ақпараттық кабельдік желілер, робототехника, электроника, шаштараз ісі, аспаздық, көлік жөндеу бойынша алғашқы дағдыларды меңгеретін болады. Сондай-ақ жуырда облыста дарынды балаларға арналған “Зияткер” ақыл-ойды дамыту лагері де іске қосылады. Онда 500 дарынды бала теориялық білімдерін тереңдетіп, түрлі деңгейдегі олимпиадаларға дайындалу мүмкіндігіне ие болмақ. Бұдан бөлек, экологиялық білім беруге бағытталған “Эко-Жаз”, шығармашылыққа, сыни ойлауға арналған “MEDIALAB” жаздық лагерьлері мың балаға жазғы демалыс ұйымдастырады.

Жазғы демалыстың қызықты әрі көңілді өтуі үшін оқушылардың биылғы оқу жылын жақсы бітірулері маңызды. Бұл орайда биыл 2024-2025 оқу жылын 185 819 оқушы аяқтады. Оның ішінде бастауыш сыныпты — 19 142, негізгі мектепті — 15 721, 11-сыныпты 10 481 оқушы бітірді. Қазір түлектердің алдында болашақ мамандықтарын таңдау және одан әрі білім алу мақсаты тұр. Биыл Ақтөбе облысында 9-сынып бойынша 1564 оқушы — үздік аттестатқа, 11-сынып бойынша 679 түлек — үздік аттестатқа, 641 түлек “Алтын белгіге” үміткер болып отыр, - дейді Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы.

Оның айтуынша, биыл облыста мемлекеттік емтихан 9-сынып бітірушілері үшін 29 мамыр-10 маусым аралығында өтсе, 11-сынып түлектері үшін 30 мамыр-16 маусым аралығында болады.

Жайдарлы жаз: Ақтөбе балаларының демалысы қалай өтуде

Қазіргі таңда 9-сыныпты бітірушілер барлық емтихандарын тапсырып болды, ал мектеп бітіруші түлектер соңғы емтиханын 16 маусымда тапсырады. Бұл күні 11-сынып оқушылары үшін орыс тілдерінде оқытатын мектептерде қазақ тілі мен әдебиетінен және қазақ тілінде оқытатын мектептерде орыс тілі мен әдебиетінен жазбаша емтихан жүргізіледі.

Облыстық білім басқармасының берген мәлеметіне сүйенсек, негізгі және жалпы орта білім беру туралы аттестатты тапсыру салтанаты мектеп қабырғасында 18-20 маусым аралығында ресми түрде өткізіледі.

Биыл техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 28 133 студент оқу жылын аяқтап, оның 8812-сі оқу орнын бітіріп отыр. Оның ішінде 5120 студент мемлекеттік тапсырыс негізіндегі білім алушылар болса, 808-і — үздік дипломға үміткер. Биыл техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылау, аралық және қорытынды аттестаттау демонстрациялық емтихан форматында өткізіледі. Бұл білім алушылардың құзыреттілігін нақты, әділ және заманауи талаптарға сай бағалауға мүмкіндік береді. Әлеуметтік серіктестер қатарындағы жұмыс берушілер емтихан нәтижелерін саралай отырып, үздік түлектерге тікелей жұмысқа орналасу мүмкіндігін ұсынады. Биыл демонстрациялық емтихан өткізетін колледждердің санын 20-ға жеткізіп, 2478 түлекті қамту жоспарланып отыр, - дейді Бұлбұл Күзембаева.

Биылғы оқу жылында облыс бойынша ерекше білім алуға қажеттілігі бар 8929 бала білім алған. Оның ішінде облыстық арнайы мектептерде — 519, жалпы білім беретін мектептерде 3742 бала оқыған. Олардың арасында 166 оқушы 9-сыныпты аяқтаса, 29 оқушы әрі қарай 10-сыныпты, 101 оқушы оқуын колледжде жалғастыруды жоспарлауда. Ал қосымша білім беру бойынша өңірдегі 49 қосымша білім беру ұйымында 36 мыңға жуық оқушы оқу жылын аяқтайды. Оларда академиялық концерт және кластан класқа көшіру емтиханы өткізіледі. 5 немесе 7 жылдық оқу бағдарламасын толық меңгерген 3211 оқушы бітіру емтихандарын тапсырады.

Қызықты сәттер және жаңа достар

Ақтөбе қаласы шетіндегі Украинка-1 елді мекені аумағында орналасқан “Шұғыла” лагері биыл 4 маусымнан өз жұмысын бастады. Қазір мұнда екінші ауысымда балаларды қабылдауға дайындық жүргізіліп жатыр. Бірінші ауысым 13 маусымда аяқталған. Алғашқы ауысымда жалпы саны 300 бала қабылданып, олардың жазғы демалысын көңілді әрі тиімді өткізуіне барлық жағдай жасалды.

Лагерь басшысы Айдынғали Ермекұлының айтуынша, биыл бұл лагерьде жалпы саны 6 ауысымда 1800 бала демалатын болады.

Біздің лагеріміз 2018 жылы ашылды. Содан бері жазғы мезгілде балаларды жайлы демалыспен қамтып келеді. Мұнда оқушылардың уақытын тиімді өткізуіне барлық жағдай жасалған. Лагерьде 9 ғимарат бар. Олардың ішінде жатын орындары, асхана, шаралар өткізетін алаңдар бар. Жалпы, бізде балалар қауіпсіздігі — басты орында. Тәлімгерлер әр топпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді, - дейді ол.

Ал Ақтөбе қаласындағы №51 мектеп-гимназияның жанындағы "Балдәурен" лагерінде қазір 85 бала демалуда. Мұнда балалар әр күнді таңғы жаттығудан бастап, әрі қарай қызықты ойындар ойнайды, шығармашылықтар жұмыстар мен спорттық жарыстар ұйымдастырылады. Алдағы апта мұнда екінші ауысым басталады. Жалпы, осы жазда мектеп жанындағы лагерьде 160 оқушы, жазғы алаңда 140 бала демалады және экскурсиямен 320 оқушы қамтылады.

Лагерь басшысы Салтанат Утепованың айтуынша, балалар мұнда күніне 4 мезгіл тамақтанады. Балалардың дамуына, олардың қабілеттерін ашуға, қарым-қатынас жасауына, бір-бірімен араласып достасуға мол мүмкіндік жасалады. Сонымен қатар 5-8 сынып оқушыларына арналған жазғы алаң, танымдық лагерь де жұмыс жасап жатыр.

Лагерімізде балаларға көңілді ойындар, спорттық жарыстар, аква-релакс, квесттер, құм, би, арт, изо, кино-терапиялар, ертегілер әлемі мен кинотеатрға саяхат, қызықты жарыстар мен байқаулар, экскурсиялар ұйымдастырылуда. Сондай-ақ демалушыларымыз нейро, лого, моториканы дамыту гимнастикаларын жасап, шеберлік кластарына қатысады. Жазғы алаңда садақ ату, асық ойнау сияқты ұлттық ойындар да ойнатылып жатыр. Жалпы, балалардың жан-жақты дамуына, уақытты қызықты әрі тиімді өткізуіне барлық жағдай жасалды, - дейді лагерь басшысы.

Оның айтуынша, лагерьдің екінші ауысымы 27 маусымда аяқталады. Оған дейін балаларға арнап тақырыптық күндер өткізіледі. Мәселен, тақырыптық күндер аясында демалушылар спорттық сайыстар өткізіп, асфальтқа сурет салады. Садақ атып, асық ойнайды, бассейнге шомылады. Түрлі шығармашылық байқауларға қатысады. Жалпы, балаларға осындай ерекше әрі қызықты іс-шаралар өткізуде лагерь тәрбиешілерінің, дене шынықтыру пәні мұғалімдері мен көркемдік жетекшілердің, безендірушілердің үлкен еңбегі тұр.

"Балдәурен" лагерінде демалғандардың бірі — Мирас Жәрдемов. Оның жасы — 8-де. Қашан да лагерь десе ішкен асын жерге қоятын бүлдіршін жазғы демалысын ерекше өткізіп жатқанын жеткізді.

Жайдарлы жаз: Ақтөбе балаларының демалысы қалай өтуде

Жазды асыға күтемін. Каникул ұнайды. Өзім оқитын №51 гимназияның жанындағы "Балдәурен" лагерінде екі апта демалдым. Былтыр да осында болдым, ұнады. Сосын биыл тағы да келдім. Мұнда қызықты әрі көңілді. Бір күн кинотеатрға барсақ, келесі күні спорттық жарыстар өтеді. Маған бассейнге барған қатты ұнады. Суда жүзуді үйрену үшін бассейнге көп бара бергім келеді. Сосын күнде әртүрлі тамақ іштік, түс мезгілінде ұйықтадық. Музыкамен таңғы жаттығу жасаған да күшті екен. Келесі жылы тағы да барамын, - дейді Мирас.

Жазғы лагерьге барып, жаңа достар табуға асыққандардың бірі — Ұ.Құлымбетов атындағы №64 орта мектептің 2-сынып оқушысы Тамерлан Кангреев. Ол мектеп жанындағы "Ақбөбек" лагеріне барыпты. Бұл лагерьде екінші ауысым бүгін басталды. Оқушылар мұнда 22 маусымға дейін алаңсыз демалып, тынығады, ойнайды, қосымша білім алады.

Жайдарлы жаз: Ақтөбе балаларының демалысы қалай өтуде

Маған лагерь ұнап жатыр. Бүгін бірінші күн келіп, мұндағы балалармен достасып кеттім. Жазғы демалыста жаңа достар тауып, алаңсыз ойнағанды ұнатамын. Бұл жерде түрлі спорттық ойындар, жарыстар, интеллектуалдық сайыстар ұйымдастырылуда. Бәрі керемет. Бізге осындай жағдай жасаған лагерьдегі ағай-апайларға рақмет, - дейді Тамерлан.

Өзгелердің жаңалығы