Жасыл экономика қоқыс сұрыптаудан басталады

24 Шілде 2023, 15:16
1045
Бөлісу:
Жасыл экономика қоқыс сұрыптаудан басталады
Фото: Алматы қаласының әкімдігі

Алматы аулаларында пластикалық бөтелкелер мен алюминий банкаларды жинауға арналған торлы контейнерлер пайда болды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Егер қоқыс сұрыпталмай бірден полигонға көмілсе, жер астында шірімей жүздеген жыл бойы жатуы мүмкін. Мұндай тұрмыстық қалдықтардың экологиялық ахуалға тигізер зияны көп. Қоқысты түрлеріне қарай сұрыптап жинау – экологиялық тұрғыдан ғана емес, экономикалық тұрғыдан да өте тиімді.

Алматыда қоқысты сұрыптау мен қайта өңдеуді дамытып, тұрғындар арасында тұрмыс қалдықтарын қоқысқа түріне қарай ажыратып тастау мәдениетін қалыптастыруға күш салынып жатыр. «Жасыл аула» жобасы аясында қоқыстарды сұрыптап тастау жұмыстары Алматының Алмалы ауданында бастау алды. Қазіргі таңда бес негізгі аулаға қайта өңделген материалдарды бөлек жинауға арналған жаңартылған торлар қойылды. «Жасыл аула» жобасының мақсаты – қалдықтарды бөлек жинау, экологиялық мәдениетті сақтау және тұрғындармен белсенді байланыс орнатуды мақсат етеміз, – дейді Алматы қаласы Экология және қоршаған орта басқармасы.

Бүгінде қоқысты кәдеге жаратып, одан әжептәуір пайда тауып отырған елдер көп. Мәселен, Швецияда тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу мен оны электр қуатына айналдыру жүйесінің дамығаны соншалық, қоқысқа қалдықтардың 4%-ы ғана жіберіледі екен. Ал Германия азаматтары дұрыс емес контейнерге тасталған қоқыс үшін 30 еуродан бастап, ал істен шыққан техниканы аулаға шығарғаны үшін 2500 еуроға дейін айыппұл төлейді. Бүгінде елдегі барлық қоқыстың 80%-ы электр энергиясын алу үшін қайта өңделеді. 

Жоба аясында алғашқылардың бірі болып Құрманғазы көшесі, 58; Желтоқсан көшесі, 166; Чайковский көшесі, 25; Мақатаев көшесі, 130; Шагабутдинов көшесі, 45 мекенжайларындағы аулалар қамтылды. 

Жоба Алматы қаласы Экология және қоршаған орта басқармасының және «Жасыл Алматы» жобалық кеңсесінің бастамасымен Алматы қаласын дамытудың Жол картасы аясында жүзеге асуда. Жобаға «EN Social» қоғамдық қоры және ECO Network қолдау көрсетіп отыр.

Қоқысты қайта өңдеп шығарудың арқасында кофта, жастық, ауыл шаруашылығы мен жол құрылысына арналған жабындар шығарады. Алюминий банкалар да қайта өңделеді. Мысалы, Қарағандыда осындай банкалардан қазандар шығаратын «Қазвторчермет» зауыты бар, – дейді Жасыл Алматы» экология бағыты бойынша жобалық кеңсенің басшысы Евгений Мұхамеджанов.

Экология жанашырлары бізде тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау мәдениеті әлі дамымағанын айтады. Қаламызда арнайы жәшіктер орнатылып жатыр. Қажетті инфрақұрылым да бар. Тұрғындар бар болғаны қоқысты түрлі-түсті контейнерлерге бөліп салса жетіп жатыр дейді олар. 

Алматы әкімдігінің жобалық кеңсесінің мәліметінше, қайта өңдеуге арналған контейнерлер уақыт өте келе мегаполистің басқа аудандарында да пайда болады. Егер сіз өзіңіздің аулаңызда осындай контейнер қойылғанын қаласаңыз, өтінімді мына нөмір бойынша қалдыра аласыз: +7 771 76 55 999 (WhatsApp).

Өзгелердің жаңалығы