Жастарға жеңілдікпен несие беруге өтінімдерді қабылдау жалғасып жатыр

14 Шілде 2023, 17:48
736
Бөлісу:
Жастарға жеңілдікпен несие беруге өтінімдерді қабылдау жалғасып жатыр
Фото: BAQ.KZ - архив

Алматыда жастар үшін 2,5% төмен пайыздық мөлшерлемемен шағын несиелеуге өтінімдерді қабылдау жалғасып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы несиелеу бөлімінің бас маманы Қанат Омаров айтты.

Негізгі талаптардың ішінде өтінім беру кезінде жеке кәсіпкер ретінде тіркелу мерзімі 5 жылдан аспауы тиіс. 21-35 жас аралығындағы жас кәсіпкерлер мен жұмысшы жастар жеңілдетілген несие алуға үміткер бола алады.

Осы бағдарламамен Қазақстан Республикасы бойынша 28,9 млрд теңге бөлінді, оның ішінде Алматы жастары үшін 4,8 млрд теңге. Бұл дегеніміз мыңға жуық кәсіпкер мен жастарға деген қолдау. Бүгінде Алматы қаласы бойынша 350 кәсіпкер мен жастарға кеңес берілді, 71 кәсіпкер бойынша өтінім қабылданды, олардың төртеуі комиссияның қарауына жіберілді, - деді Қанат Омаров.

Шағын несие сомасы мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін - 7 жылға дейін, бизнестің басқа бағыттары үшін - 5 жыл.  Несие көлемі 5 млн теңгеге дейін беріледі. Шағын несиені өтеу бойынша жеңілдігі бар кезең де көзделген.

Кепілдің болуы міндетті  шарттың бірі. Кепілмен қамтамасыз ету түрінде жылжымалы және жылжымайтын мүлік қабылданады. Кепілмен қамтамасыз ету болмаған жағдайда үшінші тұлғаларды кепіл беруші ретінде тартуға болады (ата-аналары, туыстары және т.б.).

Несиелеу бойынша шешімді қала әкімдігі жанынан құрылған арнайы комиссия қабылдайды. Комиссияға қалалық мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың, "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының, бизнес-қоғамдастық пен БАҚ өкілдері кіреді.

Өзгелердің жаңалығы