Жастарға патриоттық акциялар, концерттер мен кездесулер қызық емес - Нартай Аралбайұлы

6 Қараша 2024, 13:13
355
Бөлісу:
Жастарға патриоттық акциялар, концерттер мен кездесулер қызық емес - Нартай Аралбайұлы
Фото: Мәжіліс

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы жастардың патриоттық сезімін арттыру үшін өз ұсыныстарын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазіргідей алмағайып заманда бала шақтан болашаққа қадам басқан буынға әскери-патриоттық тәрбиені сіңіру өте өзекті мәселе екені айтпаса да түсінікті. Әскери-патриоттық тәрбиеге ден қойған дүниенің түкпір-түкпіріндегі мемлекеттер мұны қауіпсіздіктің кепілі көреді. Әдетте, қоғам өкілдеріне әскери-патриоттық тәрбиені сіңіру ерте жастан басталады және бұл мемлекеттің ішкі саясатының ажырамас бөлігі, - деді Нартай Аралбайұлы.

Оның сөзінше, Қазақстанда 2022 жылдан бері әскери-патриоттық тәрбие беру қағидалары бар, 2030 жылға дейінгі жастарды әскери-патриоттық тәрбиеге баулу Тұжырымдамасы қабылданған.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, елімізде үкіметтік емес 22 әскери-патриоттық ұйым мен 8,5 мыңнан астам әскери-патриоттық клуб, сынып, үйірме жұмыс істеп тұр.

Алайда 2023 жылы елімізде жастарды әскери-патриоттық тәрбиеге баулуға арналған шараларға 700 мың адам ғана қатысқан.

Соңғы 5 жылда уәкілетті министрлік жастарды әскери-патриоттық бағытта тәрбиелеу жұмысына қаржы бөлмеген. Жүк жергілікті атқарушы органдардың қамбасына түскен, бірақ ол ақшаға нақты не жасалды деген мәлімет салаға жауапты ведомствода жоқ. Жыл басынан бері "әскери-патриоттық тәрбие" тақырыбында бұқаралық ақпарат құралдарында 10 мыңнан астам материал жарияланған, - деді депутат.

Нартай Аралбайұлы саладағы проблемаларға тоқталды:

Біріншіден, мемлекеттік органдар әскери-патриоттық тәрбиені қоғамға сіңіру үшін табанынан таусылып жүрген ұйымдармен тығыз жұмыс істемейді. Әрине, әрбір күштік құрылымның өз әскери-патриоттық клубы бар. Салдарынан әскери-патриоттық тәрбиемен айналысатын қоғамдық ұйымдар мемлекеттік органдардың назарынан тыс қалады. Мұндайда келісіп пішкен тонның келте болмайтынын ескеру керек.

Екіншіден, әскери-патриоттық тәрбиенің ақпараттық жұмысы ақсап тұр. Атқарылған шаруаны айтумен шектелмей, кей қоғам өкілдері теріс деп таныған, кей жағдайда қарама-қайшы келетін мәліметтерді де зерттеп жариялау қажет.

Үшіншіден, әскери-патриоттық тақырыптағы отандық телевизиялық және анимациялық фильмдердің жетіспеушілігі сезіледі.

Төртіншіден, оқу ордаларындағы алғашқы әскери дайындық пәнінің сапасы төмендеп кеткен. Соңғы жылдары сағаттары да қысқарып қалды.

Бесіншіден, әскери-патриоттық тәрбиені қоғамға жеткізу үшін әуелгі әбден ескірген тәсілдер әлі қолданылады (акциялар, концерттер, кездесулер, сынып сағаттары). Мұндай іс-шаралар қазіргі жастарға қызық емес екенін түсінетін кез келді, - деп түсіндірді Мәжіліс депутаты.

Ол бұл мәселелерді ескере отырып, әскери-патриоттық тәрбиені заң дейгейіне көтеру осы бағыттағы қызметті жандандыруға мүмкіндік береді деп санайды. Сәйкесінше салаға жауапты мемлекеттік органдардың тізе қосып жұмыс істеуіне мүмкіндік ашылады, әскери-патриоттық тәрбиені орталық пен аймақтарда терең насихаттау үшін арнайы механизмдер қалыптасады. 

Бұл мақсатқа жету үшін еліміздегі барлық әскери-патриоттық ұйымдардың әлеуетін толық қолдану қажет. Және әскери-патриоттық ұйымдардың жұмысына жанын салып жүрген жастарды ынталандыру шарасын бекіту керек, - деді депутат Мәжілісте.

Өзгелердің жаңалығы