Жастардың тағдырына бейжай қарамау керек - Лейла Кудреева

30 Қаңтар 2022, 13:18
3295
Бөлісу:
Жастардың тағдырына бейжай қарамау керек - Лейла Кудреева

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бізге қалалардағы өз орнын таппаған жастармен нақты жұмыс жүргізу керек. Бұл туралы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті Лейла Кудреева айтты.  

Оның айтуынша, қалалардағы өз орнын таппаған жастармен нақты жұмыс жүргізу қажет.

«Нұр Отан» партиясының кезектен тыс өткен ХХІ съезінде Мемлекет басшысы «қаңтар қасіреті» жастардың әлеуметтік-экономикалық тұрғыда бейімделуінде жіберген кемшілікті анық көрсеткенін айтып өтті. «Жас Отанның» нақты іспен айналысуға мол мүмкіншілігі бар. Партияның жастар қанатында 100 мыңнан аса мүшесі бола тұра, осынау маңызды ресурс пайдаланылмай отырғанын айтты. Бізге қалалардағы өз орнын таппаған жастармен нақты жұмыс жүргізу керек. Пайдалы қоғамдық жұмыспен айналысқысы келетін жастар арасындағы сенімге ие көшбасшыларды «Жас Отанның» қатарына тартқан абзал - деді ол.

Президент мемлекет жастарға арналған қаншама маңызды жобаларды жүзеге асырып жатса да, сауалнама қорытындыларына қарасақ, олар бұл жобалардан хабарсыз екенін айтып, қынжылыс білдірді. 

Шынында да, бізге, жалпы қоғам мүшелеріне, белсенділік жетіспейді. Бір-біріміздің мәселемізге бас ауыртқымыз келмейді. Қазір қос дипломы бар жастардың дені жұмыссыз. Жұмысы болмаған соң, олар жаман әдетке әуес келеді. Өз басым Президенттің «жастарды техникалық мамандықтарға баулу керек» деген ұсынысын қолдаймын. Өйткені біздің қоғам білікті инженерлерге, техниктерге т.б. өте зәру. Әлі күнге дейін мұнай-газ секторы кәсіби техник мамандарды сырттан алдырады. Осындай кемшіліктерді жою үшін отандық мамандарды өзіміз молынан, қажеттілікті өтейтіндей деңгейде даярлауымыз керек. Оған біздің елдің мүмкіншілігі де, қуаты да жетеді. Тек еліміздің болашағы – жастардың тағдырына бейжай қараудан арылуымыз керек. Сонда ғана нақты нәтижеге жетеміз, - деді Лейла Кудреева.

Өзгелердің жаңалығы