Жастарды қолдауға бағытталған «Тарту» жобасы жүзеге асырылуда

25 Қараша 2022, 12:55
659
Бөлісу:
Жастарды қолдауға бағытталған «Тарту» жобасы жүзеге асырылуда

Ертіс өңірінде шығармашыл жастарды қолдау мақсатында «Тарту» жобасы жүзеге асырылуда, деп хабарлайды Павлодар облысындағы BAQ.KZ тілшісі. 

Жоба 2022 жылғы іс-қимыл бағдарламасы шеңберінде қолға алынған. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Медет Тауасқановтың айтуынша, жоба шеңберінде 3000 дарынды жасты қамту жоспарланған.

Нақтырақ айтқанда, ән айта алатын, домбыра тарта алатын, би билей алатын, ақындықпен айланысатын жастарды біріктіру. Басты мақсат – талантты қыз-жігіттерді іздеп, барынша қолдау жасау. Осы күнге дейін жобаға 14-35 жастағы 3200 адам қатысты. Бүгінде облытың мәдениет саласында 600-ден астам жас маман еңбек етеді. Олардың ішінде «Дипломмен - ауылға» бағдарламасы бойынша келген 20 маман бар, - дейді Медет Тауасқанов.

Биыл жастардың тікелей қатысуымен 50-ге жуық мәдени шара ұйымдастырылды. Шығармашыл жастар фестиваль мен концерттерге қатысты. 

Ал музыкалық мектепте оқитын балаларды қолдау мақсатында «Самға» жобасы іске асырылды. Мамандардың көздегені – өнер жолындағы жеткіншектердің тәжірибелі өнерпаздардан тәлім алуға жол ашу. Нақтырақ айтқанда, балалар Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның кәсіби әртістерінің шеберлік сабақтарына қатысты. Нәтиже ретінде өнерлі ұл-қыздар мен өңір жұлдыздары бір сахнада концерт өткізді.

Айта кетейік, жыл соңына дейін шығармашыл жастарды табу мақсатында 13 креативті шығармашылық орталық ашу жоспарланған. 

Бұл орталықта бизнес-тренингтер, мастер-кластар, зияткерлік ойындар, дебаттар өткізу, ағылшын тілін үйрену бойынша клуб ұйымдастыру, бейнероликтерді монтаждау, фотосурет бағыттары бойынша шаралар өткізіледі. Жыл соңына дейін Ақтоғай және Баянауыл аудандарындағы мәдениет үйлерінің жанында осындай орталықтар жұмысын бастайды, - дейді Медет Тауасқанов. 

Өзгелердің жаңалығы