Жастар жылы: Мәскеуде қазақ жастарына қолдау көрсетілді

25 Ақпан 2019, 20:43
3142
Бөлісу:
Жастар жылы: Мәскеуде қазақ жастарына қолдау көрсетілді

Астана, BAQ.KZ. Қазақстандық филантроп, профессор Оралбек Ботбай Мәскеуде білім алып жатқан студенттерге шәкіртақы тағайындады. Бұл туралы «Жас тұлпар» бірлестігінің баспасөз қызметі хабарлады.

1964 жылы Мәскеуде негізі қаланған «Жас тұлпар» қазақ жастар бірлестігі арнайы байқау ұйымдастырған. Байқаудың талабы бойынша студенттер эссе жазуы қажет болған.

Биыл аталған байқауға Ресейдегі қазақ жастары да қатысыпты. Қазылар алқасының шешімімен 11 студент шәкіртақыға ие болды. Олар: Малика Шайкенова, Наргиз Қажкенова, Ұлжан Нұғұманова, Гүлдана Қылышбекова, Алмас Ысқақов, Азат Мукаров, Нұрсұлтан Наурызбаев, Нұрзада Сақтағанов, Айша Асанжанова, Тоғжан Оразғали, Айнұр Қиясова.

«Бұл байқаудан алған әсерім ерекше. Қарсыластарым да осал болмады. Әрбір қатысушы – білімді. Байқау жоғары деңгейде ұйымдастырылған және өте әділ өтті. Жастар жылы Қазақстан жастарына үлкен, әрі тарихи мүмкіндік беріп отыр. Жастардың рухани жағынан баюына баса назар аудару қажет. Білім мәселесін ескеру керек. Осының нәтижесінде мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі артады», - дейді жеңімпаз Малика Шайкенова.

Осы орайда «Жас тұлпар» ұйымының төрағасы Мұхтар Баймағұлов жастарды қолдау елдің болашағы үшін маңызды екенін атап өтті.

«Бүгінгі байқауға Оралбек Ботбайдың өзі қатысып, жалынды жастармен кездесті. Ресейде 12 мың қазақстандық студент білім алуда. Жастар жылында креативті жобаларды жүзеге асыруға болады. Алайда Мәскеуде қазақ жастар жиналатын арнайы ғимарат жоқ. Бұл – бір үлкен мәселенің шеті ғана. Егер ағаларымыз шетелде жүрген ұшқыр ойлы, талантты жастарға көмек көрсетсе нұр үстіне нұр болар еді. Бүгінгі додаға қатысқан студенттерге ризамын. Барлығы өте білімді», - деді ол.

Сонымен қатар, Оралбек Ботбай жастарға қамқорлық көрсету ағалық парыз екенін атап өтті.

«Екі ұлым да Мәскеуде білім алған, сондықтан мұнда білім алып жатқан жастарымыздың жағдайын білемін. Кеше елімізде үлкен өзгерістер болды. Елу жылда ел жаңа демекші мемлекетіміздегі өзгерістер елдің дамуына негіз болады деген үміттемін. Жастарды еңбекке шақырамын. Еңбек барлығын жеңеді!», - деп түйіндеді сөзін Оралбек Ботбай.

Өзгелердің жаңалығы