Жастар жылы жастарға не берді

18 Желтоқсан 2019, 10:20
12721
Бөлісу:
Жастар жылы жастарға не берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 2019 жыл Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасының бастамасымен Жастар жылы жарияланды. Үкімет оны жүзеге асырудың Жол картасын қабылдап, бюджеттен 300 млрд теңге бөлінді. Осы орайда Жастар жылы жастарға не бергенін бағамдап көрдік.

Жастарға арналған жалдамалы баспана

Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс істейтін жастар үшін жылына 1 мыңнан кем емес пәтер салуды тапсырды. Үш жылда еліміздің ірі қалаларында жұмысшы жастарға 9 мың пәтер беру шешімі қабылданды. Оны жалға алу құны айына 15 мың теңге ғана. 2019 жылдың аяғына дейін Қазақстанның үш ірі қаласында: Нұр-Сұлтан қаласы – 1050 пәтер, Алматы қаласы – 1050 пәтер, Шымкент қаласы – 900 пәтер беріледі.

Алматы қаласының тұрғыны Бағдат Ахметжанов жұмысшы жастарға арналған баспанаға ие болған жастардың бірі. Ол бұрын жалдамалы пәтерге ай сайын 70 мың теңге төлеп келген. Енді ол бес жыл бойы жұбайы, екі баласымен бірге екі бөлмелі пәтерге айына он мың теңге ғана төлеп тұрады.


Жұмысшы жастарға арналған жалдамалы пәтер бағдарламасына құжаттарымды тапсырдым. Жылу энергетикасы саласында бу қазандығының операторы болып жұмыс істеймін. Жүз мамандықтың ішіне кірдім. Сол жұмысымның арқасында осындай пәтерге қол жеткізіп отырмын. Бес жылға дейін алғашқы жарнаны жинап өзімнің пәтерімді сатып аламын. Бұрын біреуге жетпіс мың теңге төлеп тұрсам, енді ол ақшаны өзімнің есепшотыма саламын, - деді ол.

Дипломмен ауылға

Нұрсұлтан Назарбаев Жастар жылының ашылуында "Дипломмен ауылға" бағдарламасымен шалғай ауылға барған жастарға берілетін бір реттік көмектің көлемін 100 АЕК-ке дейін көтеруді тапсырды. Көтерме жәрдемақының сомасы 176 750 теңгеден 252 мыңға жетті. Әлеуметтік қолдау шараларының қатарында тұрғын үй алуға 1500 АЕК немесе 3 787 500 теңгеден аспайтын мөлшерде бюджеттік несие беру көзделді.

Жастар жылының жабылуында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы ауылды өркендетуге үлес қосқысы келетін жастарға 6 мыңнан астам жәрдемақы, баспана алу үшін 4 мыңға жуық несие берілгенін айтты. Алматы қаласында туып, Түркістаннан білім іздеген 26 жастағы Иман Пернебеков жұбайымен бірге "Дипломмен ауылға" бағдарламасымен Атырау облысына қоныс аударған.

Ақ халатты абзал жан боламын деген арманмен 2011 жылы Халықаралық қазақ-түрік университетінің медицина факультетіне түстім. Бес жыл оқып әрі қарай Шымкент қаласында акушерлік және гинекология кафедрасында интернатураны аяқтадым. Оқу барысында Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы уинверситетімізге келіп, жас мамандарды жұмысқа орналастыру мақсатында жәрмеңеке ұйымдастырды. Мемлекетімізге пайдамыз тисе деген үмітпен Исатай аудандық ауруханасына баруға бел будық. Бізге берілген қызметтік үй мен бір реттік көтермеақы қатты қуантты. Осы уақытқа дейін акушер гинеколог ретінде жүздеген сәбиді анасымен қауыштыру мүмкіндігіне ие болдым. Исатай ауданының демографиясын көтеру мақсатында жергілікті аудан әкімдігінің қолдауымен туу жасындағы әйелдердің денсаулығын бақылау, отбасын жоспарлау, ерте жүктілікті анықтау мақсатында ағартушылық жұмыстар жүргізумен айналысамын. Ал жұбайым бала дәрігері ретінде ғаламдық проблемалдардың бірі балаларды вакцинациялаудың пайдасын халыққа түсіндіреді. Балалар ауруларын алдын алып, емдеп келеді. Біздің ортақ мақсатымыз – ана мен сәби өмірін сақтап қалу. Әр сәби – ел ертеңі, - дейді жас маман.

Биыл Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында "Дипломмен ауылға" бағдарламасының аясын кеңейтіп, Үкіметке 2020 жылдан бастап бағдарламаны қаржыландыруды 20 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырған болатын.

Жұмыспен қамту

Жастар жылында "Жас кәсіпкер" және "Жас маман" жобаларын қамтитын "Жастар ел тірегі" жобасы басталды. Аталған жобалар "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып келеді. 209 мыңнан астам жас мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылып, олардың 172 мыңы жұмысқа тұрды.

"Жас кәсіпкер" жобасы аясында 20 мың жас кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды. 2019 жылы 9,5 мың жас жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға грант алды. Жыл сайын 10 мың жас грантқа ие болады. 2,5 мың жас кәсіпкерге өз ісін дамыту үшін шағын несие берілді. Үш жылда 15 мың адамға шағын несие беріледі. "Жасыл ел" жобасы аясында 20 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылса, 33
мыңға жуық адам жастар практикасына жіберілді. 


Биыл 5 мың азамат мемлекеттен грант алып, жас кәсіпкер атанды. Алдағы үш жыл ішінде олардың саны 30 мыңға дейін көбейеді. Осыған орай республикалық бюджеттен қосымша 5 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлеміз. Бұдан бөлек, 10 мың жас бизнесмен шағын несиенің арқасында өз өндірісін кеңейтті, - деді мемлекет басшысы Жастар жылының жабылуында.

Білім

Жастар жылында ҚР Білім және ғылым министрлігі 53 755 грант бөлді. Бұл ҰБТ тапсыруға өтініш білдірген әрбір екінші үміткерге ЖОО-ға түсуге мүмкіндік берді.

Ғылыми әлеуетті дамыту мақсатында Білім және ғылым министрлігіндегі Ұлттық ғылыми кеңес арқылы жас ғалымдардың іргелі және қолданбалы зерттеулерін гранттық қаржыландыруға 3 миллиард теңге бөлінді.

"Қазақстан студенттер альянсының" жетекшісі Ілияс Түстікбаев Жастар жылында студенттер атқарған іс-шараларды баяндады.

Биыл жастар жылында альянс 540 мың жасты қамтыған жазғы-қысқы лагерь, семинар оқыту тренигтер, жатахқана мәселесіне қатысты "Студенттер үйі 2.0", сыбайлас жемқорлыққа қарсы "Таза білім", барша жастарға арналған жаңа студенттік жүйені құрды. Бұл жұмыстардың барлығын жастар өздері ұйымдастырып, өздері атқарып жатыр. Мемлекеттің қолдауы мен Жастар жылында берілген мүмкіндіктер үшін жастарға алғыс білдіреміз, - деді ол.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жастар жылының жабылуында келер жылдан бастап бакалавр, магистратура, докторантурада оқитын студенттердің шәкіртақысы 25 пайызға артатынын айтты.

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап бакалавриат, магистратура және докторантура студенттерінің стипендиясы 25%-ға көтерілсін. Бұл 130 мың адамды қамтиды. Биыл қыркүйектен бастап жұмысшы мамандықтарда білім алатын 122 мың студенттің стипендиясы 30%-ға көтерілді. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Үкіметке арнайы орта білім алатын колледж студенттерінің де стипендиясын 25%-ға арттыруды тапсырамын, - деді Тоқаев.


Отбасын қолдау

Биыл Қазақстан өңірлерінде "Бақытты отбасы" атты отбасын қолдаудың 12 орталығы ашылды. Отбасылық ресурстарды қолдау орталықтарының жұмысы аясында 270 отбасы ажырасудан аман қалды. Сондай-ақ, Жастар ресурстық орталықтарында отбасыларға тегін заңгерлік кеңес беру бөлімдері жұмыс істейді.

Мемлекет басшысы отбасын сақтап қалу мәселесі Жастар жылымен шектелмейтінін айтты.


Жастар саясаты туралы айтқанда, отбасы институтын ұмытпауымыз керек. Бұл дәстүрімізді, ұлттық құндылықтарды және ұрпақтар сабақтастығын сақтау үшін өте маңызды. Өкінішке қарай, қазіргі таңда ажырасу фактілері осы саладағы түйткілді мәселенің біріне айналды. Бұған әлі күнге дейін баса мән берілмей отыр. Халқымызда "Отан отбасынан басталады" деген қанатты сөз бар. Әрбір отбасын сақтау – Отанымыздың берік болуының кепілі. Жас шаңырақ бақыт бесігіне айналуы тиіс. Олардың әрқайсысына тұтастық пен татулықтың дәстүрін орнықтыруымыз керек. Зиялы қауым өкілдері мен ұстаздар жастар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, отбасы құндылықтарын дәріптеуі қажет. Мұның мемлекет үшін маңызы өте зор, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өзгелердің жаңалығы