Жастар ұйымының формализммен айналысуын тоқтатуымыз қажет – Еркебұлан Амантаев

29 Қаңтар 2022, 13:36
2194
Бөлісу:
Жастар ұйымының формализммен айналысуын тоқтатуымыз қажет – Еркебұлан Амантаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Еліміздегі жастар ұйымдары формализммен айналыспауы тиіс, жастардың басын біріктіруі керек. Бұл туралы жас саясаттанушы Еркебұлан Амантаев айтты.

Еліміздегі азаматтық қоғамның дербес, белсенді және жауапкершілігі мол бөлшегінің бірі - жастар. Жастар ұйымдары кейінгі буынның еліміз үшін мақсатын айқындап, бастарын біріктіріп, шын пейілімен жұмыс атқарса, бұдан да биік шыңдарды бағындырамыз. Ең бастысы, формализммен айналысуды үзілді-кесілді жоюымыз қажет. Қаңтар айында жастардың лаңкестік оқиға қатысқаны, басым көпшілігі арандатушыларға еріп кеткені өкінішті, әрине. Ең бірінші, алаңға шыққан жастар лаңкестік әрекетке баруға ниеттенді деп ойламаймын. Оқиғаның өрбуіне байланысты арандатушылар өзінің ойларын оп-оңай жүзеге асырып, жастарды өз мақсаттарына пайдаланып кетті, - деді ол.

Қоғам белсендісі Қазақстанда жастарға жеткілікті жағдай жасалғанын айтты. Ол елімізде американдық университеттің филиалын ашуды ұсынды.

Мемлекет тарапынан жеткілікті көңіл бөлінуде. Айтарым, көптеген жастар ұйымының формализммен айналысуын тоқтатуымыз қажет. Жақында тағайындалған «Qazaqstan team» Республикалық жастар ұйымының  жетекшісі Олжас Сулейменовтің жақсы сөзі бар: «Жастар массовка, статистика емес, жеке тұлға!». Астарлы айтылған сөз. Жастардың орны қоғамда құнды екеніне жауапкершілікпен қарайтын уақыт келді. Президентіміздің айтқан шешіміндерін толығымен қолдаймын. Жастардың білімін техникалық салаларға бағыттауы, көңіл бөлгені қуантады. Ұсынысым, «Болашақ» бағдарламасымен оқуға Ресей мемлекетінен басқа жоғары білім беру орындарын қарастырса. Мысалы, АҚШ-ғы  MIT университеті (Massachusetts Institute of Technology). Елімізге де аталмыш университеттің филиалын ашуды ұсынар едім. Ең бірінші, жастардың ЖОО бітіргенше жағдайын жасауды қолға алу. Басқа қалаға оқуға түскен жастарымыз пәтермен, ішетін тамағымен қиналмауы қажет. Оқуға түскен жастардың көбісі  пәтер ақысынан, тамағынан қиналғанынан жұмыс істеуге мәжбүрленеді. Осы сәттен бастап зейіні ауысқан жастардың мақсаты да, ойы да өзгереді. Көзге көрінбейтін нәрсе, бірақ, ол - факт. Осындай дүниелерді жауапкершілікпен, саналы түрде  ойлануымыз қажет, - деді «Munarat» мектепке дейінгі білім беру платформасының негізін қалаушысы.

Өзгелердің жаңалығы