Жастар статистика емес, жеке тұлға – Олжас Сүлейменов

25 Қаңтар 2022, 17:05
3792
Бөлісу:
Жастар статистика емес, жеке тұлға – Олжас Сүлейменов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жастар массовка емес, статистика да емес, олар - жеке тұлға. Қаңтардың басындағы оқиғадан кейін жастармен жұмыс істеу, оларды дамыту, біріктіру қаншалықты маңызды екенін түсіндік. Бұл туралы «Qazaqstan team» республикалық қоғамдық жастар ұйымының жетекшісі Олжас Сүлейменов айтты. Қоғамда белсенді замандасымызбен еліміздегі жастар саясаты, Қазақстандағы жұмыссыздық мәселесі туралы сұхбаттастық.

Ұйым немен айналысады? Қандай жобаларды жүзеге асырып жатыр?

- QAZAQSTAN TEAM ұйымының басты мақсаты - жастар мен биліктің арасындағы алтын көпір болу. Ұйым әртүрлі салада қызмет етіп жүрген, жетістікке жеткен жастарды, студенттердің қызығушылықтарына қарай бастарын біріктіру мақсатында жұмыс істейді. Мен ұйымға 2021 жылдың желтоқсан айынан бері басшылық етіп келемін. Жалпы ұйымның құрылғанына 2 жылдан астам уақыт болды. Желтоқсан айында екі ауқымды шара өткіздік. Соның бірі - киелі Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «30 мейірімді күн» қайырымдылық акциясы. Бастамамыз кеңінен таралып, шетелдегі қазақстандықтар, өңірлердегі әр түрлі сала өкілдері қатысуға ниет білдірді. Ең бастысы, қайырымдылық жасау, мейірімділік танытудың қиын емес екенін көрсету қолымыздан келді. Челленджге қатысқан жандарға алғыс айтамыз.

Осы жылға қандай жоспарларыңыз бар?

- QAZAQSTAN TEAM ұжымының осы жылға біраз жоспары бар. Ұйымды халықаралық деңгейге шығармақпыз. Шетелде оқып жатқан қазақстандықтармен, оларды біріктіріп отырған халықаралық ұйымдармен байланыс орнатып, ортақ шаралар өткізуді ойластырып жүрміз. Қаңтардың басындағы оқиғадан кейін жастармен жұмыс істеу, оларды дамыту, біріктіру қаншалықты маңызды екенін түсіндік. Елімізде жүзеге асып жатқан саясатқа, жастардың дамуына, халқымыздың бірігуіне аз да болсын септігіміз тисе, ол - біздің жұмысымыздың нәтижесі. Жастар массовка емес, статистика да емес, олар - жеке тұлға. Қазір замандастарымыз жан-жақты дамып, жақсы нәтижелер көрсетіп жатыр. Олардың білімін, потенциалын дұрыс қолдануымыз керек, себебі, елімізді бұдан да үлкен жетістіктерге жеткізетін солар. Жаңа Қазақстанды құратын - жастар. Өйткені оларда идея, креатив бар. Жастар саясатын жаңаша, басқа деңгейге шығаруымыз қажет. Оларды елге қажет екенін сезіндіріп, дұрыс пайдалана алсақ, еліміз бұдан да үлкен жетістіктерге жетер еді.

Мемлекет басшысы 2025 жылға дейін елімізде беделді шетелдік университеттерінің кем дегенде 5 филиалын ашу қажет екенін айтты. Шетелдік жоғары оқу орындарының ашылуы еліміздегі білім саласы деңгейінің көтерілуіне қаншалықты әсер етеді деп ойлайсыз?

- Мемлекет басшысы 2025 жылға дейін елімізде кем дегенде 5 халықаралық университеттің филиалын ашуды тапсырды. Бұл жаңалық бізді қуантты. Себебі егер жастар шетелге шықпай-ақ ел ішінде әлемдік алдыңғы қатарлы халықаралық деңгейдегі білім алуға болатын мүмкіндік болса, ол - жастар үшін үлкен қуаныш. Қазақта бай мен кедейдің баласын білім ғана теңестіреді деген сөз бар. Жастар білімді, әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті маман болса, еліміздің дамуына зор үлесін тигізері сөзсіз. Мемлекет басшысы техникалық білімі бар мамандарды даярлау керек дегенде өте қатты қуандым. Өйткені, Атырау, Батыс Қазақстан облысы, Маңғыстау облысында мықты халықаралық компаниялар жұмыс істейді. Жастар сол жақта тәжірибе жинап, топ-менеджментте қазақтар көбейсе, олар еліміздің индустриясының дамуына үлесін тигізеді.

Қазақстанда жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін шешу үшін не істеу керек деп ойлайсыз? Ұсыныстарыңыз бар ма?

- Жастар техникалық мамандықтарды игерсе, ол жұмыссыздық мәселесін шешуге көмектеседі. Президенттің кәсіпкерлермен кездесуінде айтқан сөздері ұнады. Еліміздегі мықты кәсіпкерлер, аға буын өкілдері жастарға жөн сілтеп, көмектессе, кәсіпкерлер саны көбейсе, ел экономикасының дамуына септігін тигізеді. Өз басым жастар кәсіпкерлікке келіп, кішігірім болса да өндіріс орнын ашқанын қалаймын. Бұл - жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін шешудің бірден бір жолы. Біріншіден, кәсіпкер елге салық төлеп, экономиканың дамуына көмектеседі. Екіншіден, қаншама жұмыс орнын ашып, өзінің ғана емес, басқалардың да дамуына үлес қосады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев техникалық мамандарды даярлауға ерекше көңіл бөлгені қатты қуантады. Жастар соған құлақ асып, елімізде техникалық, IT саласында мықты кадр болса, инженерлеріміз көбейсе, шетелдік мамандарға мұқтаж болмайтын едік. Ең бастысы, өткен 30 жылдыққа қорытынды жасап, қателіктерді түзеп, жеткен жетістіктерімізді ұмытпай, жастарды келесі 30 жылдыққа, жаңа Қазақстанға бірге қадам басуға шақырамын.

Сұхбатыңызға рахмет!

Өзгелердің жаңалығы