Жастар елорда атауының өзгеруіне байланысты үндеу жариялады

26 Наурыз 2019, 19:46
2532
Бөлісу:
Жастар елорда атауының өзгеруіне байланысты үндеу жариялады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін «Нұр Отан» партиясының орталық аппаратында Жастар жылын өткізуге мониторингті жүзеге асыру жөніндегі Қоғамдық кеңес отырысы өтті. Отырыс барысында талқыланған басты тақырып елорда атауының өзгеруі.

Жастар ұйымдарының көшбасшылары қатысқан отырыста жастар өздерінің ойларымен бөлісіп, Тұңғыш Президенттің еліміздің тәуелсіздік алуына, дамушы елдердің қатарына кіруіне, көркейуіне, жаңа астананың құрылуында елеулі үлес қосқаны, сондай-ақ, Н. Ә. Назарбаев Президенттік өкілеттілігін тоқтатқанымен Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы, Конституциялық Кеңестің мүшесі ретінде өз қызметін, еліміздің дамуына одан әрі өз үлесін қосуын жалғастыра беретіні айтылды.

«Қазақстанның мемлекет болып қалыптасуында Н.Ә. Назарбаевтың, партиямыздың Төрағасының ерен еңбегі орасан зор. Беибіт аспанымыз, қазіргі таңда болып жатқан тұлғалық даму және біліміміз үшін Елбасы бүкіл еңбегін аямай сарп етті. Оның куәсі бүгінде «Болашақ» ассоциациясы, «Жас Ұлан», «Жасыл ел», Елбасының баласы болып саналатын «Жас Отан» ЖҚ айтып өтуге болады. Елбасының бастап кеткен барлық саясатын осы біздің Қазақстан жастары, біздер жалғастыруымыз керек. Себебі, 2050 жылы Қазақстанда тұратын және өмір сүретін біздер. Мемлекетті құру және одан ары даму мүмкіндігі бізге беріліп отыр», - деді «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» ЖҚ атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек.

Жастар бұл тарихи шешім екенін айтты.

«Астанамыздың Нұр-Сұлтан деп ауыстырылуы тарихи шешім деп қабылдау керек. Себебі ол шынында да әлемдік аренадағы біздің елордамыздың имиджін арттыру жағынан ерекше сәт. Нұр-Сұлтан атауы бұл біздің жастарымыздың, жаңа ұрпағымыздың, тәуелсіз елімізде туып өскен жастарымыздың атынан Елбасымызға құрмет нышаны деп қабылдау керек. Қазақстан Халқы Ассамблеясы, жалпы Қазақстан жастары осы шешімді қолдайды деп ойлаймын», - деді Қазақстан халқы Ассемблеясының «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының жетекшісі Максим Споткай.

Отырыс барысында жастар ұйымдарының жетекшілері мен жас көшбасшылар қазақстандық жастарға үндеу жолдап, жас қазақстандықтарды тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті айқындаған стратегиялық бағытқа қолдау көрсетуде бірлік, татулық пен келісім танытуға шақырды.

Өзгелердің жаңалығы