Жастар арасында патриотизмді қалыптастыру мәселелері қарастырылды

22 Қаңтар 2024, 21:28
352
Бөлісу:
Жастар арасында патриотизмді қалыптастыру мәселелері қарастырылды
Фото: Геральдикалық зерттеулер орталығы

Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Геральдикалық зерттеулер орталығында «Ұлт Патриоты» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Геральдикалық зерттеулер орталығында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтің «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатына сәйкес Жастарды патриоттыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында «Ұлт Патриоты» атты дөңгелек үстел өтті.

Ел Президентінің саясатын қолдау, жастарға насихаттау мақсатында ұйымдастырылған дөңгелек үстелді Геральдикалық зерттеулер орталығы директорының орынбасары Айнұр Жарахметова жүргізді.

Мемлекеттік Гимнен бастау алған жиынның алғы сөзі дөңгелек үстелге арнайы қатысқан, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің Геральдикалық жұмыс басқармасының басшысы – Аргенова Гүлдана Аргеноваға берілді. Гүлдана Мәлікқызы геральдика саласының бүгінгі жай күйін айта келіп жастарды мемлекеттік рәміздерімізді құрметтеуге шақырды.

Бүгінгі дөңгелек үстелге арнайы шақырылған республикалық және қалалық жастарды қолдау орталықтарының басшылары, қызметкерлері, Астана қаласы әкімдігінің Бейімбет Майлин атындағы №52 мектеп-лицейі және де №73 мектеп-лицейі директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен тәлімгерлері белсене қатысып ұлттық тәрбие, патриотизм, елдігіміз бен егемендігіміз үшін атқарылуға тиіс бастамаларды ортаға салды.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Геральдикалық зерттеулер орталығы» РММ мен «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы ЖШС ғылым мен мәдениет аясындағы тікелей және өзара тиімді ынтымақтастықты орнату, ұлттың тарихи-мәдени мұрасын, жастар арасындағы патриотизмді, отансүйгіштікті қалыптастыру мақсатында өзара ынтымақтастық келісімшартына қол қойды.

Шара соңында іс-шараға шақырылған қонақтарға Геральдикалық зерттеулер орталығы директорының міндетін атқарушы Айнұр Аманбайқызы Мемлекеттік Ту бейнеленген төсбелгіні табыстап, алғысын жеткізді.

Өзгелердің жаңалығы