Астанадағы Шерхан Мұртаза атындағы №63 мектеп-гимназияда ата-аналар жиналысы өтіп, полиция қызметкерлері есірткіге қатысты құқық бұзушылықтар мен жасөспірімдер қылмысының алдын алу мәселелерін талқылады. Бұл туралы елорда әкімдігі хабарлады.
Кездесу барысында ата-аналарға есірткі заттарын қолдану мен таратудың салдары, заңда көзделген жауапкершілік және кәмелетке толмағандардың құқыққа қайшы әрекеттерге тартылу қаупі түсіндірілді.
Полицейлер баланың мінез-құлқындағы өзгерістерге, араласатын ортасы мен қызығушылықтарына назар аударудың маңызын атап өтті. Мамандардың айтуынша, ата-ананың бақылауы мен тәрбиесі алаңдатарлық белгілерді дер кезінде анықтап, құқық бұзушылықтың алдын алуға көмектеседі.
Жиында есірткіге байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі кеңестің мүшесі, Қазақстан Республикасының Пенчак Силат қауымдастығының директоры, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Нұрсұлтан Әлиакбаров та сөз сөйледі.
Қалалық Полиция департаменті мұндай кездесулер мектеп пен ата-ананың бала қауіпсіздігі жолындағы өзара іс-қимылын нығайтатынын атап өтті. Ведомство өкілдері құқықтық тәрбие мен жауапкершілік отбасынан басталатынын еске салды.