Жасөспірімдер психологиясы: психотерапевт маман қандай кеңес береді?

29 Ақпан 2024, 15:11
2050
Бөлісу:
Жасөспірімдер психологиясы: психотерапевт маман қандай кеңес береді?
Фото: автордан

Бала кезден зейінді қажет ететін жандар жасөспірім шақта қиындыққа кезігеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгінде жасөспірімдер арасында өзін бағаламау, кедергілерден шыға алмау немесе өзге адамның пікіріне еріп, өз-өзіне қол жұмсау фактісі жоқ емес. Сондықтан бала психологиясы басты назардағы тақырыптардан түскен емес. Осы тұрғыда психотерапевт маман Махаббат Шариповамен әңгіме өрбітуді жөн көрдік.

- Махаббат ханым, қазір жасөспірімдер арасында қандай мәселелер ауқымды болып отыр?

Жасөспірімдік шақта әрдайым мазасыздықтың депрессиялық бұзылуы - өзекті мәселе болып қала береді. Яғни, жасөспірімдік шақта мазасыздық белгілері мен депрессия белгілері бөлек жүрмейді. Өйткені баланың физикалық, психикалық өзгерістері және сонымен қатар қоғамда болып жатқан қандай да бір өзгерістер жасөспірімнің психикасын қатты басады. Ондай жағдайда кейбір жасөспірім оны көтере алмай жатады.

- Бұл кезеңнен қалай өтуге болады?

Оның шешімі психотерапия немесе психиатрмен кеңесу. Егер симптомдар ауыр болса, онда сіз балалар психиатрымен кеңесуіңіз керек, мүмкін медициналық емдеу қажет болады. Егер симптомдар жеңіл болса, тек психотерапиямен ем жүргізе аламыз. Яғни, біз өз ойларымызбен жұмыс істеп, эмоцияларымызды басқаруды үйренеміз.

- Бала кезден зейін жетіспеушілікке шалдыққан балалар жасөспірім шақта оны қалай өткереді?

Көбінесе мұндай балалардың ерекшелігі жасөспірім шақта асқынады. Себебі балалық шақта оған қажетті көмек көрсетілмеді және ол есейген шақта "ЗЖБГ" белгілері нашарлайды. Ондай балалар мектепте өзін- өзі ұйымдастыра алмайды, өзін бағаламайды. Одан соң өзіне деген сенімділігі төмендеп, суицидтік ойлар мазалауы мүмкін.

- Осындай мәселемен сіздің қызметіңізге адамдар қаншалықты жүгінеді?

Нақты бір статистика жоқ. Дегенмен аптасына 20 шақты адаммен осы тақырыпта жұмыс жүргіземін деп айта аламын.

- Қандай да бір жаттығу ұсына аласыз ба?

Әрине, мен мұндай ерекше балаларға уақытты ұйымдастыруды ұсынар едім. Себебі олар үшін көптеген міндет бар секілді көрінеді және оны орындауда қиындық тудырады. Сондықтан уақытты жоспарлауды үйрену керек. Қазір көптеген түрлі гаджет, қосымшалар бар, тіпті қағаздар, планерлер, стикерлерді сатып алуға болады. Сол арқылы бала күнін жоспарлап, не істеу керектігін нақты білуі керек. Сонда ол балада ұйымдастырушылық дағдысын дамытып, ыңғайсыздықтарды азайтады.

- Қызықты ақпарат үшін алғыс білдіремін.

Өзгелердің жаңалығы