Жаслан Мәдиев БҰҰ Халықаралық электр байланысы одағы жанындағы AI for Good жаһандық комиссиясының құрамына кірді.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Халықаралық электр байланысы одағының (ITU) шақыруымен жасанды интеллектті дамытудың практикалық тәсілдерін қалыптастыру үшін әлемдік көшбасшылардың басын біріктіретін жаңа жоғары деңгейдегі AI for Good Global Commission жаһандық комиссиясының құрылтайшыларының қатарына қосылды.
Комиссия ITU эгидасымен құрылған және мемлекет басшыларының, халықаралық ұйымдар мен ірі әлемдік технологиялық компаниялардың 40-тан астам басшысын біріктіреді. Оның тең төрағалары болып Руанда Президенті Поль Кагаме мен Salesforce негізін қалаушы және бас директоры Марк Бениофф, ал төрағаның орынбасары болып ITU Бас хатшысы Дорин Богдан-Мартин сайланды.
Комиссия құрамына, сондай-ақ Эстония Президенті Алар Карис, Исландия Президенті Халла Томасдоттир, Microsoft бас директоры Брэд Смит, NVIDIA негізін қалаушы және бас директоры Дженсен Хуанг, Amazon бас директоры Энди Джесси, Google Research & Society бас директоры Джеймс Маника, Qualcomm бас директоры Криштиану Амон, Accenture бас директоры Джули Свит, Anthropic бас директоры Джек Кларк, Pfizer бас директоры Альберт Бурла, ДСҰ бас директоры Нгози Оконджо-Ивеала және басқа да әлемдік көшбасшылар кірді.
8 шілдеде Женевада өткен AI for Good Global Summit саммиті аясында комиссияның алғашқы отырысы өтті, онда қатысушылар жасанды интеллект саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын, сенімді ЖИ-ді дамытуды, цифрлық теңсіздікті қысқартуды және заманауи технологияларға қолжетімділікті кеңейту мәселелерін талқылады.
Қазақстанның комиссия жұмысына қатысуы еліміздің жасанды интеллект саласындағы халықаралық күн тәртібін қалыптастырудағы рөлінің артып келе жатқанын растайды. Комиссия сенімді жасанды интеллектті дамыту, цифрлық теңсіздікті қысқарту және елдердің заманауи технологияларға қолжетімділігін кеңейту бойынша практикалық шешімдер әзірлейтін алаңға айналады.
Жаслан Мәдиевтің AI for Good Global Commission құрамына енуі Қазақстанның жасанды интеллект және цифрлық трансформация саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесін мойындау болып табылады.