Әлемдегі жетекші халықаралық ақпараттық телеарналардың бірі - Euronews енді қазақ тілінде контент ұсына бастайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазіргі уақытта Euronews Қазақстан аумағында орыс тілінде хабар таратып келеді. Енді интернет платформасында қазақ тіліндегі жаңалықтар, сұхбаттар мен арнайы шығарылымдар жарияланады. Бүгін біз отандық медиа саласы мен мемлекеттік тілдің дамуы үшін маңызды оқиғаның куәсі болып отырмыз. Бұл – шын мәнінде тарихи кезең, - деді вице-министр.
Қанат Ысқақовтың айтуынша, Euronews-тің қазақ тілінде хабар таратуы жай ғана жаңа жоба емес, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтетін және халықаралық ақпарат кеңістігінде қазақ тілінің орнын нығайтатын маңызды қадам.
Бұл – уақытша үрдіс немесе сән үшін қолға алынған бастама емес. Бұл – мемлекеттік тілдің дамуына серпін беретін нақты жоба. Сонымен қатар еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін нығайтуға да өз үлесін қосады, - деді Қанат Ысқақов.
Ол жаңа жобаның Қазақстан Конституциясының жаңартылған редакциясы күшіне енген кезеңмен тұспа-тұс келуінің де өзіндік символдық мәні бар екенін атап өтті.
Ата заңымыз ұлттық құндылықтарды, мәдениетімізді, дәстүрімізді және идеологиялық ұстанымдарымызды дамытуға негіз қалайды. Осы тұрғыдан алғанда, қазақ тіліндегі халықаралық ақпараттың көбеюі қоғам үшін де, әсіресе жас ұрпақ үшін маңызды, - деді бірінші вице-министр.
Ал Euronews директорлар кеңесінің төрағасы Варгас Педро Қазақстанның соңғы жылдардағы қарқынды дамуына жоғары баға берді. Ол қазақ тілінде хабар тарату туралы шешімнің компания үшін де тарихи маңызға ие екенін айтты.
Қазіргі таңда Euronews 14 тілде хабар таратады. Енді сол тілдердің қатарына қазақ тілі де қосылды. Қазақ тілі Еуразия кеңістігіндегі маңызды тілдердің бірі. Біз халықаралық аудиторияға ұсынылатын тілдердің қатарын кеңейтіп отырмыз. Енді әлемдік жаңалықтарды қазақ аудиториясы да өз ана тілінде көре алады. Бұл қазақ тілінің халықаралық ақпарат кеңістігіндегі орнын нығайтатын маңызды қадам деп есептеймін,-деді ол.