Қазақстанда жасанды жаңбыр жасау технологиясының экологияға әсері арнайы зерттеледі. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев Мәжіліс кулуарында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, алғашқы эксперимент аяқталғаннан кейін оның нәтижелері жан-жақты талданады.
Бірінші эксперименттен кейін қандай нәтиже беретіні белгілі болады. Эксперимент тиісті қорытындылар жасауға мүмкіндік береді, – деді вице-министр.
Ошурбаев бұл мәселе негізінен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің құзыретіне кіретінін атап өтті.
Ал Экология министрлігі тек бұлттар мен метеорологиялық бақылау бағытында жұмыс жүргізеді.
Біз тек “Қазгидромет” деректерімен және экологиялық мониторинг тұрғысынан жұмыс істейміз. Жекелеген локалды әсерлерді бөлек бағаламаймыз, – деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, эксперимент аяқталған соң бұлттарға қатысты мәліметтер, жауын-шашын көлемі және басқа да параметрлер зерттеледі.
Егер зерттеу нәтижесінде барлық көрсеткіш нормативке сай болса және экологиялық талаптар бұзылмаса, технология қауіпсіз деп бағалануы мүмкін.
Әлемдік тәжірибе мұндай технологиялардың жалпы экологиялық тұрғыдан қауіпсіз екенін көрсетеді. Олар су ресурстарын толықтыру үшін қолданылады, – деді Ошурбаев.
Оның сөзінше, мұндай тәсіл әсіресе қардың аз еруі, жауын-шашын көлемінің төмендеуі және су тапшылығы байқалған жағдайда пайдаланылады.
Сонымен қатар вице-министр жасанды жаңбыр басқа өңірлердегі жауын-шашынды азайтып жіберуі мүмкін деген пікірге де жауап берді.
Мұндай әсер болмауы керек. Себебі ықпал нақты бір аймақтағы бұлттарға ғана жасалады, – деді Мансұр Ошурбаев.
Біз бұған дейін Қазақстан аспаннан қалай су өндірмек екені жайлы жан-жақты жазған едік.