Жасанды интеллектіні дамыту үшін әлем елдері қанша қаржы бөлді?

18 Ақпан 2025, 15:00
1242
Бөлісу:
Жасанды интеллектіні дамыту үшін әлем елдері қанша қаржы бөлді?
Фото: BAQ.KZ

Әлемнің алпауыт елдері жасанды интеллектіні дамытуға қомақты қаржы құйып жатыр. Бүгінгі таңда АҚШ, Қытай және Еуропа арасында бәсеке қызып тұр. BAQ.KZ тілшісі әлем елдері ЖИ үшін қанша қаражат бөлгеніне шолу жасады.

Еуропалық одақ ЖИ-ге 200 миллиард еуро инвестиция бөледі

Еуропалық одақ жасанды интеллект (ЖИ) индустриясын дамытуға 200 миллиард еуро көлемінде қаржы бөледі. Мұны Еуропалық комиссияның төрағасы Урсула фон дер Ляйен мәлімдеді. Жобаның мақсаты – АҚШ пен Қытайдың ЖИ технологиясымен бәсекеге түсу әрі бәсекеге қабілетті болу.

Мен АҚШ пен Қытайдың бізден алда келе жатқанын және Еуропаның бұл жарысқа кеш қосылғанын жиі естіп жатамын. Бірақ онымен келіспеймін, өйткені ЖИ жарысы әлі аяқталған жоқ, - дейді Урсула фон дер Ляйен Парижде өткен ЖИ саммитінде.

Аталған іс-шараны Франция президенті Эммануэль Макрон ұйымдастырған еді.

ЕО-ның бұл инвестициясы компанияларға жаңа ЖИ жүйелерін әзірлеуге көмектеспек.

Франция 109 млрд еуро инвестиция тартады

Бұл туралы Франция президенті Эммануэль Макрон Парижде өткен жасанды интеллект (ЖИ) мәселелері жөніндегі саммитте айтты.

Маңызды іс-шараға мемлекет және үкімет басшылары, халықаралық ұйымдардың жетекшілері, ірі және шағын компаниялардың бас директорлары, академиялық қауымдастық өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, мәдениет қайраткерлері мен азаматтық қоғам мүшелері жиналды.

Қытай әлемдік көшбасшылыққа ұмтылып жатыр

2017 жылы Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік кеңесі ЖИ-ды дамыту туралы жоспар жариялап, 2025 жылға қарай ЖИ өнімдері мен қызметтерінің көлемін 400 миллиард юаньға жеткізуді мақсат еткен еді.

Бүгінгі таңда Қытайдың жеке секторы да ЖИ инфрақұрылымына елеулі инвестициялар салып жатыр. Мәселен, TikTok қосымшасының иесі ByteDance компаниясы 2025 жылы ЖИ инфрақұрылымына 12 миллиард доллардан астам қаржы жұмсауды жоспарлауда. Бұл қаражаттың бір бөлігі Қытайдағы ЖИ чиптерін сатып алуға, ал қалғаны шетелде ЖИ модельдерін оқыту мүмкіндіктерін дамытуға бағытталмақ.

Үндістан қаржы көзін арттырды

The Indian Express агенттігінің мәліметінше, "Үндістанның жасанды интеллект миссиясы" жобасында 2025-2026 жылдарға арналған бюджетте ЖИ-ға ерекше көңіл бөлінген. Онда бөлінген қаржы көлемі – 2 000 крор рупий (шамамен 240 млн доллар), бұл 2024-2025 жылдардағы 173 крор рупиймен салыстырғанда едәуір көп.

АҚШ жасанды интеллектіні дамыту үшін 500 млрд доллар жұмсайды

Биыл АҚШ жасанды интеллектіге 3,3 миллиард доллар бөледі. Бұл қауіпсіз әрі жауапты ЖИ құруға бағытталған кең ауқымды стратегияның бір бөлігі ғана.

Al Jazeera агенттігінің мәліметінше, сайлаудан соң Дональд Трамп жасанды интеллект инфрақұрылымын дамыту үшін 500 миллиард долларлық "Stargate" жобасын жария етті. Жобаға Жапонияның SoftBank банкінің бас директоры Масайоши Сон, OpenAI бас директоры Сэм Альтман және Oracle компаниясының техникалық директоры Ларри Эллисон қатысады. Ақ үйде өткен шарада Трамп бұл жобаның тарихтағы ең ірі жасанды интеллект инфрақұрылым жобасы болатынын атап өтті.

Алғашқы 100 миллиард доллардан басталатын қаржы төрт жыл ішінде 500 миллиардқа дейін артады. Қаражат АҚШ-та ірі деректер орталықтарын салуға және технологияны дамытуға бағытталады.

Бұл салада биыл Жапония мен АҚШ компаниялары күш біріктірді.

Жасанды интеллектіні дамыту үшін әлем елдері қанша қаржы бөлді?
Фото: Andrew Harnik | Getty Images

CNBS агенттігінің мәліметіне сүйенсек, жапониялық SoftBank OpenAI-ға $15-25 млрд инвестиция салу туралы келіссөздер жүргізіп жатыр. Бұл SoftBank-ты ChatGPT жасаушы OpenAI-дың ең ірі инвесторларының біріне айналдыруы мүмкін. Алдағы жылдары SoftBank, OpenAI және Oracle компаниялары бірлесе отырып, АҚШ-та ірі ЖИ инфрақұрылымдық жобасын іске асырады. Бастапқы инвестиция $100 млрд, ал төрт жыл ішінде бұл көрсеткіш $500 млрд-қа дейін жетуі мүмкін. Бүгінгі таңда SoftBank пен OpenAI бірігіп, "SB OpenAI Japan" бірлескен кәсіпорнын құрды.

Ресей 2025 жылы ЖИ-ды дамытуға 7,7 млрд рубль бөледі

2025 жылы Ресейде "Жасанды интеллект" федералдық жобасын жүзеге асыруға 7,7 миллиард рубль бөлінеді. Бұл жоба "Деректер экономикасы және мемлекеттің цифрлық трансформациясы" ұлттық жобасының бір бөлігі болып отыр.

Жобаның мақсаты:
- Кәсіпорындар мен азаматтар үшін ЖИ негізіндегі өнімдер мен қызметтерді пайдалануға жағдай жасау.
- Ресейлік ЖИ технологияларын дамыту арқылы тиімділіктің жаңа деңгейіне қол жеткізу.

Алдағы жылдарға арналған қаржыландыру:
2025 жылы – 7,7 миллиард рубль;
2026 жылы – 10,03 миллиард рубль;
2027 жылы – 8,75 миллиард рубль.

Осылайша Ресейде 2025-2027 жылдар аралығында ЖИ саласын дамытуға жалпы 26,49 миллиард рубль қаражат бөлінеді.

Елімізде қандай жобалар іске асырылып жатыр?

Былтыр мамырда Жасанды интеллектіні дамыту комитеті құрылды. Ол Президенттік жастар кадрлық резервінің мамандарынан жасақталды. Сол жылы Жасанды интеллектіні дамыту тұжырымдамасы қабылданып, бекітілді. Қазақстанның өңірлік ерекшеліктерін ескере отырып, 5 жылға арналған даму стратегиясын қамтиды.

Бүгін "Жасанды интеллект туралы" заң жобасы әзірленуде. Бұл заң жасанды интеллектіні реттеу, қауіпсіздік және этикалық нормаларды енгізуге бағытталған.

Қазақстанда суперкомпьютерлік кластер іске қосылды. Олар:

– Үлкен деректерді өңдеу және AI өнімдерін жасауға арналған.
– Жасанды интеллектіні оқыту мен дамытуға мүмкіндік береді.

Alem AI халықаралық жасанды интеллект орталығы құрылды

Жасанды интеллектіні дамыту үшін әлем елдері қанша қаржы бөлді?
Фото: GOV.KZ

Онда Қазақстанды AI технологиялары бойынша жетекші елдердің қатарына қосу мақсатында жұмыс істейді. Ғалымдар, кәсіпкерлер мен стартаптар үшін зерттеу орталығы қызметін атқарады.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметінше, орталықтың құрылуы Қазақстанның жасанды интеллект шешімдерінің экспортын 2029 жылға қарай 5 млрд долларға дейін арттыруға, жасанды интеллекттің дамуы есебінен технологиялық және экономикалық өсудің жаңа толқынын қамтамасыз етуге және Астананы Орталық Азиядағы жасанды интеллект технологияларының жетекші орталығына айналдыруға мүмкіндік береді.

Astana Hub не дейді?

Silkway Accelerator және AI’preneurs бағдарламалары жалғасып, жаңа Astana Hub Ventures қоры іске қосылды.

Қордың капиталы $10 миллион көлемінде бағаланып, жергілікті және халықаралық стартаптарды, әсіресе, Astana Hub түлектерін қаржыландыруға бағытталады.

Жылдың басты жобасы – Alem AI халықаралық жасанды интеллект орталығының іске қосылуы. Орталық Қазақстанды ЖИ технологияларында өңірлік көшбасшы етуге арналған. Alem AI жыл сайын 10 000 талантты тарту, 1 000 ЖИ маманын даярлау және 100 стартапты іске қосу міндетін көздейді.

2029 жылға қарай ЖИ шешімдерінің экспортын $5 миллиардқа жеткізу жоспарланған.

Орталық құрамына Tomorrow School, TUMO School секілді білім беру бағдарламалары, ЖИ акселераторлық кампусы, зертханалар мен GovTech орталығы кіреді. Бұл инновациялар мен ғылыми зерттеулерге арналған кеңістік болмақ.

Қазіргі таңда Astana Hub экожүйесінде 1 600-ден астам қатысушы бар, оның ішінде 150 стартап ЖИ саласында жұмыс істейді. Alem AI-дың құрылуы Қазақстанның технологиялық дамуындағы жаңа кезеңді айқындап, елдің жаһандық инновациялық қауымдастыққа интеграциясын күшейтеді.

Өзгелердің жаңалығы