Жасанды интеллект және еңбек нарығы: Шекара қайда?

 gov.kz 19 Қыркүйек 2026, 10:05
19 Қыркүйек 2026, 10:05
178
Фото: gov.kz

Сонау 1764 жылы көне Англияда Джеймс Харгривс есімді азамат «Дженни» деген жіп иіретін машина ойлап тапты. Ол өте қарапайым еді. Бұрын бір ұршық бір жіпті иіретін болса, «Дженни» бастапқыда 8, кейін 80 жіпті бір уақытта иіре бастады. Бұл өнеркәсіп революциясына түрткі болған сол кездің «стартапы» еді. Алайда оның екінші қыры да болды: енді жіп иіретін адамдар қажет болмай қалды. Сөйтіп, жұмыстан қағылғандар 1768 жылы Харгривстің үйіне басып кіріп, көзіне түскен «Дженнилерді» қиратып, басқа да жиһаздарды сындырып кетеді. Мұны кейін луддизм деп атайды. Егер қарапайым ғана «Дженни» сол заманда біраз ұршық иірушіні жұмыссыз қалдырса, онда бүгінде жасанды интеллектінің еңбек нарығына әсер қандай болмақ?

ЖИ жұмысыңды тартып ала ма?

Жасанды интеллект дамығалы ең жиі көтерілетін мәселенің бірі – жұмыссыздық. ЖИ адамның орнын басады, біраз мамандық жоғалады деген болжам көп. Негізі, бұл процесс басталып та кетті. Бірақ біз ойлағандай робот зауытқа келіп, адамдарды бір күнде жұмыстан шығарып жатқан жоқ. Жұмыс орындары ақырындап қысқарып, кей қызметке бұрынғыдай көп адам қажет болмай барады. Ең қызығы, автоматизация тек зауыттағы жұмысшыға емес, компьютер алдында отырған It маман, дизайнер, аудармашы, бухгалтер, заңгер, тілшіге де жетті.

Мысалы, Қытайдың BYD компаниясын алайық. Компанияның Чжэнчжоудағы үлкен өндіріс кешенінде автоматизация деңгейі 98 пайыздан жоғары, 2 мыңнан астам дәнекерлеуші робот жұмыс істейді. Өндірістің кей бөлігінде адам өте аз. Зауыт минутына бір көлік, үш секундта бір батарея шығара алатын деңгейге жеткен. Әрине, мұның бәрін ЖИ жасап жатыр деуге болмайды, бірақ оның үлесі мол. Бұрын зауыт өндірісті екі есе көбейтсе, жұмысшы санын да арттыратын. Қазір өндіріс бірнеше есе өскенімен, жұмысшы саны өспеуі мүмкін.

Жалпы, өндірістегі автоматизация бұрыннан бар. Мәселе қазір оның интеллектуалдық еңбекке ауысуында. Мәтін жазу, аудару, сурет жасау, видео монтаждау, ақпарат іздеу, үлкен құжатты саралау, код жазу сияқты жұмыстарды осыдан бес жыл бұрын адам ғана істейтін. Қазір соның біразын ChatGPT, Claude, Gemini және басқа ЖИ құралдары бірнеше минутта жасайды. Сапасы үнемі мінсіз емес, қателеседі, кейде жоқ нәрсені қосып та жібереді. Алайда жасанды интеллекттің бір жақсы «қасиеті» бар, ол өзін өзі үнемі жетілдіріп отырады. Сәйкесінше, оның өнімі де уақыт өткен сайын сапалы шығып келеді.

ЖИ дамуының әсері технологиялық сектордан көрініп жатыр. TrueUp сайтының дерегіне сенсек, 2025 жылы әлемдегі технологиялық компанияларда 245 мыңнан астам адам қысқарған. Орта есеппен күніне 674 адам деген сөз. Биыл да қысқарту жалғасып жатыр. Oracle, Paypal бұл бағытта алдына жан салмайды екен.

Әрине, екі қолға бір күрексіз қалғанның бәрін ЖИ жұмыстан шығарды деуге тағы болмайды. Компанияның табысы төмендейді, шығынын азайтады, пандемия кезінде артық адам алғандары бар. Бірақ қызығы – технологиялық компаниялар бір жағынан ЖИ-ге миллиардтаған доллар инвестиция салып, екінші жағынан қызметкерлерін қысқартып жатыр. Себебі ЖИ-ді дамытпаса, бәсекеге шыдай алмайтынын біледі.

Бұрын жаңа индустрия пайда болса, сол жаққа адам ағылатын. Автомобиль өндірісі дамыса, зауыттар салынып, жүздеген мың жұмысшы керек болды. IT дамығанда бағдарламашы, дизайнер, маркетолог, әкімші сияқты қаншама жаңа жұмыс пайда болды. ЖИ индустриясының құрылымы басқа. Оған құйылып жатқан инвестиция өте мол. Мысалы, Stargate жобасына бірнеше жылда 500 млрд доллар құйылуы мүмкін. Бірақ сол ақшаға сәйкес соншалық көп маман қажет емес. Себебі ЖИ индустриясының мақсатының өзі – аз адаммен көп жұмыс істеу.

Қай мамандық жойылады?

Еңбек нарығы экономика сұранысына тікелей байланысты. Тіпті, соған тәуелді. Мәселен, бұрын бір бағдарламашы кодты басынан аяғына дейін өзі жазатын. Қазір осыған маманданған ЖИ кодтың толық нұсқасын жазып береді, қатесін іздейді, дайын IT өнім жасап береді. Айталық, OpenAI компаниясының GPT‑6 Astra моделі тіпті қуатты. Дизайнер бұрын бір жарнаманың бірнеше нұсқасын өзі жасаса, қазір ЖИ он нұсқасын бірден шығарып береді. Call-орталықтағы стандартты сұрақтардың біразын chatbot қабылдайды. Банктегі мыңдаған өтінішті қызметкер бір-бірлеп қарап отырмайды, алғашқы сараптамасын алгоритм жасайды. Яғни, ЖИ мамандардың орнын басып келеді.

Сондықтан ЖИ-дің еңбек нарығына әсерін тек қанша адам жұмыстан қысқарды деген статистикамен өлшеу дұрыс емес. Жұмысқа алынбай қалған адамдарды статистикадан көрмейміз. Енді ЖИ компаниядағы бизнес-процесті жетілдірген соң IT мамандардың келесі жаңа буынын жұмысқа алмады. Ешкім жұмыстан шыққан жоқ, қысқарту статистикасында нөл. Бірақ еңбек нарығында бес жұмыс орны пайда болмай қалды. Жұмыс іздеген бесеу қызметсіз қалды. Бұл үрдіс жалғаса бермек.

Жасанды интеллект дамуы, әсіресе, университет түлектеріне соққы болып жатқаны анық. Қалайша? Компанияға жаңадан келген junior бағдарламаушыға әдетте қарапайым код жазғызады, тест жасатады, қатесін іздетеді. Жас заңгерге құжаттарды қаратып, керек мәлімет табуды тапсырады. Редакция табалдырығын енді аттаған тілші ақпарат жинап, қысқа жаңалық жазады. Ал ЖИ бірінші кезекте дәл осындай қарапайым жұмысты адамнан да жақсы істей алады. Яғни, олар кеңседе керек емес. Сол үшін ЖОО түлектеріне қызмет табу қиындай беретіні анық.

World Economic Forum болжамынша, 2030 жылға дейін еңбек нарығындағы құрылымдық өзгерістер қазіргі жұмыс орындарының 22 пайызына әсер етеді. Бір жағынан 170 млн жаңа жұмыс орны ашылуы мүмкін, екінші жағынан 92 млн жұмыс орны қысқаруы ғажап емес. Қарасаңыз, жалпы тепе-теңдік бар. Ашылатыны көп.  Алайда жұмысынан айырылған 92 млн адам жаңа пайда болған 170 млн жұмыс орнына автоматты түрде ауыспайды. Мысалы, қазірдің өзінде супермаркеттер автоматты төлеу аппаратын қойып тастады. Сатушы керек болмай барады. Ертең сол сатушы ЖИ инженері болып кете алмайды ғой. Бар мәселе осыда. Статистика мен өмір шындығы екі басқа.

Дүниежүзілік экономикалық форумның еңбек нарығы жөніндегі жетекшісі Тилл Леопольдтың айтуынша, генеративті ЖИ мен технологияның жедел дамуы салалар мен еңбек нарығын түбегейлі өзгертіп, бір мезетте жаңа мүмкіндіктер де, елеулі тәуекелдер де туғызып жатыр. Оның пікірінше, дәл қазір бизнес пен үкіметтер бірлесіп, қызметкерлердің дағдыларын дамытуға инвестиция салуы қажет. WEF зерттеуінде 2030 жылға қарай жұмысқа қажет негізгі дағдылардың шамамен 39 пайызы өзгеретіні көрсетілген.

Сонда қай мамандықтар бірінші жоғалады деген сауал туатыны заңды. Сатушы, билет сатушы, call-орталық операторы, мәлімет енгізуші маман, хатшы сияқты қызметтердің қысқаратыны бұрыннан айтылып келеді. Қазір олардың қатарына қарапайым бухгалтерлік операция жасайтын қызметкер, аудармашы, копирайтер, дизайнер, заңгер көмекшісі, тіпті, IТ саласының кей  мамандары қосылады. Барлығына ортақ белгі бар – жұмысы белгілі бір алгоритм бойынша қайталанады. Жалпы, бұл ­- даму заңдылығы. 2000жж газет редакцияларында терімші деген мамандық та болды. Олар журналистер қағазға қолмен жазған мәтінді компьютерге теріп беретін. Ал тілші атаулы компьютер тілін түсініп, мақаласын әп-сәтте теруді үйренгенде әлгі терімші мамандығы да уақыт тезіне шыдамады. Енді ЖИ осы процестің ауқымын кеңейте бастағанын түсінуіміз қажет. 

Жасанды интеллект ұсынатын тың мүмкіндік...

ЖИ жұмыс орнын тек қысқартып жатқан жоқ. Жаңа мамандықтарды да шығарды. Егер ағылшынша атауын жазса, AI engineer, machine learning engineer, data scientist, LLM engineer, AI product manager, AI safety, AI governance сияқты мамандарға сұраныс бар. АҚШ-та тәжірибелі ЖИ инженері жылына 180 мың доллардан астам табыс таба алады, ірі технологиялық компанияларда жалақысы 300 мың доллардан асатын қызметтер де кездеседі.

Жасанды интеллект саласындағы бәсеке бүгінде технология үшін ғана емес, сапалы мамандар үшін де жүріп жатыр. 2025 жылы Марк Цукерберг Meta-ның ЖИ командасын күшейту үшін жетекші зерттеушілерді аса ірі қаржылық пакеттермен тартуға кірісті. The New York Times дерегінше, 24 жастағы ЖИ зерттеушісі Мэтт Дейткеге бастапқыда төрт жылға шамамен 125 млн доллар ұсынылған.

Сондай-ақ Meta компаниясы кейбір OpenAI зерттеушілеріне төрт жылға 300 млн долларға дейін, ал Thinking Machines Lab мамандарына 200–500 млн доллар көлемінде өтемақы пакеттерін ұсынған екен. Бұл ірі санның бәрі қолма-қол ақша емес, олардың едәуір бөлігі акциялар, бонустар және компания құнының өсуіне байланысты ұзақмерзімді өтемақылар. Бірақ сонда да мол ақша. Осы тұста мұндай қаражат тек санаулы мамандарға ғана ұсынылғанын атап өткен жөн.

Осы тұста экономистердің пікіріне де құлақ асқан артық болмас. Халықаралық еңбек ұйымының экономисі Изаура Делапорттың пікірінше, ЖИ дәуірінде қызметкерлердің барлығына жасанды интеллект бойынша маман болудың қажеті жоқ. Керісінше, еңбек нарығында цифрлық сауаттылық, сыни ойлау, коммуникация және өз саласын жақсы білу бұрынғыдан да маңызды бола түседі. Себебі адамдардың басым бөлігі ЖИ-ді жасамайды, оны жұмыс құралы ретінде қолданады.

Елдегі жағдай

Қазақстанда бұл процесс АҚШ немесе Қытайға қарағанда сәл баяу жүруі мүмкін. Себебі отандық еңбек нарығына жасанды интеллек технологиясы әлі кеңінен кіре қойған жоқ. Біраз компания үшін айына бірнеше жүз мың теңге алатын қызметкерді қымбат автоматтандыру жүйесімен ауыстыру әлі тиімді емес. Бірақ ЖИ арзандап келеді. Чат-боттың талайын ұсынып жатқандар бар. ЖИ келешекте экономикамыздың сан саласына ақырындап кіре берері анық.

Еңбек министрлігінің бағалауынша, 2035 жылға қарай ЖИ Қазақстандағы жұмыс күшінің шамамен 41 пайызына белгілі бір деңгейде әсер етуі мүмкін. Толық автоматтанатын жұмыс орындарының үлесі әзірге өте аз деп болжанады. Яғни, миллиондаған адам бір күнде жұмыссыз қалады деген сөз емес. Бірақ миллиондаған адамның жұмыс істеу тәсілі өзгереді. Мемлекеттік қызметкер қалады, бірақ хат дайындау, өтініштерді бөлу, жүздеген құжатты салыстыру автоматтанады. ЖИ араласады.

Жалпы, Қазақстанда соңғы жылдары жасанды интеллектіні дамыту мемлекеттік деңгейдегі басым бағыттардың біріне айналды. Елде арнайы министрлік құрылып, Alem.ai орталығы ашылып, жыл сайын кемінде 1000 ЖИ маманын даярлау бағдарламасы іске қосылды. Qazaq AI Research University құрылып, алғашқы студенттерін 2026 жылғы 1 қыркүйектен қабылдай бастады. Бұл шаралардың барлығы отандық еңбек нарығына әсер етері анық. Яғни, көп сала автоматтана бастайды.

Қазақстан үшін тағы бір үлкен бағыт – қазақ тілі. Біз қазір көбіне шетелдің ЖИ өнімдерін қалай қолданамыз дегенді айтып жүрміз. Негізі қазақ тіліндегі ЖИ нарығының өзі жаңа индустрияға айналуы мүмкін. Қазақша сапалы dataset, speech recognition, text-to-speech, мемлекеттік құжаттарды өңдейтін жүйе, медицина, заң, білім саласына бейімделген модельдер керек. Жоғарыда аталған жас мамандар осы міндеттерді атқаруы бек мүмкін. Себебі қалай десек те, қазақ тілі сан салада еш кедергісіз қолданылуы тиіс.

Қорыта айтқанда...

Қысқасы, ЖИ адамның барлық жұмысын алып қоймайды. Бірақ бұрын он адам істеген жұмысты бес адам істейтін жағдайға жеткізе алады. Жоғарыда йатқан, BYD зауыттарындағы 98 пайыздан асқан автоматизация соның өндірістегі көрінісі болса, технологиялық компаниялардағы жүздеген мың қысқарту мен жаңа қызметкерді аз алу кеңседегі көрінісі болады. Сондықтан ендігі сұрақ «ЖИ менің жұмысымды тартып ала ма?» деген емес. Менің жұмысымның қай бөлігін ЖИ менен жақсы істейді және қалған бөлігінде менің қандай артықшылығым бар деген сұрақ маңыздырақ. Яғни, тақыбымызға орласақ, еңбек нарығындағы негізгі шекара ЖИ мен адамның арасында емес. ЖИ-ді дұрыс пайдалана алатын адам мен пайдалана алмайтын адамның арасында қалыптасады.

Наверх