Алматыда асқан жылдамдықпен жүрген электросамокат жүргізушісі жол апатынан қаза тапты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бейнебақылау камералары мен жолда кетіп бара жатқан көліктердің видеотіркегіштері самокатпен кетіп бара жатқан ер адамды түсіріп алған.
Кадрлардан түнгі уақытта электросамокаттың жолдың сол жақ жиегімен асқан жылдамдықпен қозғалғаны байқалады. Алдын ала мәлімет бойынша, оның жылдамдығы шамамен сағатына 90 шақырымға жеткен.
Оқиға Шығыс айналма автомобиль жолында болған. Ер адам жолай келе жатқан көлікті басып озуға әрекеттенген кезде самокаттың тізгініне ие бола алмай қалған.
Салдарынан ол жол үстіне құлап, ауыр жарақат алған. Бейнежазбада соққының қатты болғаны соншалық, ер адамның басындағы қорғаныс дулығасы ұшып кеткені көрінеді.
Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем бригадасы жеткенімен, зардап шеккен адамды аман алып қалу мүмкін болмаған. Ол алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған.
Қаза тапқан азаматтың 54 жаста болған. Бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, қайғылы оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Полиция мәліметінше, жыл басынан бері Алматыда электросамокаттардың қатысуымен 91 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 96 адам түрлі жарақат алған. Бұл – биылғы алғашқы өліммен аяқталған оқиға.