Жас инвесторлар асыл тұқымды мал өсіре бастады

31 Қаңтар 2019, 22:22
2652
Бөлісу:
Жас инвесторлар асыл тұқымды мал өсіре бастады

Астана, BAQ.KZ. Зерендідегі асылтұқымды мал бордақылау алаңы өткен жылы мал басын 2 мыңға көбейтіп, жалпы санын 5 мыңға жеткізді. 

24.kz арнасының хабарлауына қарағанда, жұмысшылардың қатары да артқан. Бұрын мұнда 140 адам еңбек етсе, қазір осы шаруашылықтан 200 жан нәпақа тауып отыр. Ал мұның барлығы салаға жас инвесторлардың келуімен байланысты көрінеді. 

Ата кәсіпті күнкөріс көзі ғана емес табысты бизнеске айналдырсам деп жүрген жастардың бірі Ернұр Айдаркин небәрі 28 жаста. Ол серіктесі екеуі қазір мал шаруашылығын кешенді дамытуға кіріскен. Мұнда 15 млн АҚШ долларын жұмсаған олар алдымен саланы механикаландырып, адамға да, малдарға да ыңғайлы жағдай жасамақ. 

"Бірнеше жаңа технология енгізіліп жатыр. Қазір жаңа алаң құрып жатырмыз. Жерасты жылуымен су жылып тұрады. Электр қуаты керек жоқ" - дейді жас инвестор Ернұр Айдаркин. 

Жас мамандар алдағы жылдары малдың жемін де күшейтуді қолға алмақ. 

«Ол үшін мал азығының тұқымынан бастау керек», – дейді. 

Содан соң сапалы құрама жем алуға мүмкіндік беретін зауыт та салу жоспарда бар екен. Қазірдің өзінде мұнда малға жем америкалық диетологтардың нұсқауымен беріледі. 

"Келешекте жануарлардың денсаулық орталығы пайда болады. Біз еліміздің әр аймағынан осындай 5 орталық салмақшымыз. Ол жерде шаруаларға ветеринарлық кеңес беріліп, дәрі-дәрмектер мен дәрумендер сатылады" - дейді оның серіктесі Алмаз Тәтішев. 

Ал мұның барлығы алдағы жылдары фермадағы мал басын 100 мыңға жеткізіп, елді сапалы етпен қамтамасыз ету үшін жасалып отыр. Себебі шаруашылықтың иелігінде ет комбинаты да бар. Ал жалпы аймақ жыл сайын 60 мың тонна ет өндіреді. Жас инвесторлардың жобалары жүзеге асып жатса, бұл көрсеткіш еселеп артары сөзсіз.

Өзгелердің жаңалығы