Қазақстандық нейрохирургтер миында 58 метастаз анықталған 43 жастағы науқасты «Гамма-пышақ» аппараты арқылы емдеді. IV сатыдағы өкпе обырына шалдыққан пациент 2025 жылдың қыркүйегінен 2026 жылдың сәуіріне дейін радиохирургиялық емнің алты сеансынан өткен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ұлттық нейрохирургия орталығы ұсынған мәліметке сүйенсек, бақылау нәтижесінде 2026 жылдың сәуірінен бері мида жаңа метастаздар анықталмаған, ал емделген ошақтардың басым бөлігі жойылған.
Науқас орталыққа миында көптеген метастаз болғандықтан жүгінген. Дәрігерлер тексеру кезінде оның аяқ-қолдарының әлсіздігін, тез шаршайтынын және қатты бас ауыратынын анықтаған.
Мидың ауқымды зақымдануы емдеуді күрделендірген. Мамандардың алдында бір мезгілде бірнеше міндет тұрды: метастаздарды бақылауға алып, мидың сау тіндерін барынша сақтау және науқастың өмір сапасын төмендетпеу.
Алты сеанста 58 метастазға ем жүргізілді
Ұлттық нейрохирургия орталығының мамандары емдеу үшін «Гамма-пышақ» аппаратындағы жоғары дәлдікті стереотактикалық радиохирургия әдісін қолданған.
2025 жылдың қыркүйегі мен 2026 жылдың сәуірі аралығында пациент радиохирургиялық емнің алты сеансынан өтіп, жалпы саны 58 метастаздық ошаққа ем жүргізілген.
Бақылау нәтижелері бойынша, негізгі қатерлі ісік тұрақтанғанымен, 2026 жылдың сәуірінен бастап мида жаңа метастаздар анықталмаған. Ем жүргізілген 58 ошақтың алтауы ғана сақталған, олардың көлемі біртіндеп кішірейіп келеді.
Науқастың жағдайы қалай?
Қатерлі ісіктің ауыр сатысына және мидың метастаздармен зақымдануына қарамастан, науқас белсенді өмір сүріп жүр. Оның жалпы жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланған.
Бұл клиникалық жағдай Қазақстандағы нейрохирургиялық көмектің мүмкіндіктерін көрсетеді. Көптеген метастазды емдеу үшін заманауи жоғары технологиялық жабдықпен қатар, емді дәл жоспарлау, мол клиникалық тәжірибе және мамандардың үйлесімді жұмысы қажет.
Ұлттық нейрохирургия орталығында қол жеткізілген нәтиже дәрігерлердің кәсібилігін және мидың күрделі зақымдануын емдеуде радиохирургия әдісінің мүмкіндіктерін көрсетеді.