«Жас ұлан» республикалық мектебіне 40 жыл толды

28 Мамыр, 09:11
Бөлісу:
«Жас ұлан» республикалық мектебіне 40 жыл толды
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Алматыда «Жас ұлан» республикалық мектебінің қырық жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оған мектеп түлектері – Қорғаныс министрінің орынбасары Әскер Бейсенов, Аумақтық қорғаныс департаментінің бастығы генерал-майор Серік Борамбаев, Қорғаныс министрлігі аппараты басшысының орынбасары полковник Төлеген Бөлежанов қатысты.  

Шақырылған қонақтардың қатарында Қарулы күштердің ардагері Халық қаһарманы, отставкадағы генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев, Әуезов ауданының әкімі Абзал Егембердиев, Бауыржан Момышұлының келіні этнограф, жазушы Зейнеп Ахметова да болды.

Бұл мектептің тәрбиеленушілері мемлекетке қызмет етудің озық дәстүрін және өз Отанына адал болудың үлгісін көрсетіп келеді. Олар әрқашан шыдамдылықпен, төзімділікпен, моральдық және психологиялық беріктікпен, кез келген қиындықты жеңе білумен ерекшеленеді. Бұл оқу орнында мемлекетіміздің жауынгерлік дайындығының іргетасы қалануда, – деп атап өтті Бақытжан Ертаев.

Дәстүр бойынша мектеп оқушылары алаңда салтанатты маршпен жүріп өтті. Аты аңызға айналған қолбасшы Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Салтанатты рәсімге қатысушылар әскери қақтығыстарда қаза тапқан мектеп түлектері: подполковниктер Ерлан Науановты, Қайрат Мұхамадиевті және капитан Қайрат Құдабаевты бір минут үнсіздікпен еске алды.

Шара аясында мерекелік концерт өтті. Салтанатты жиын вальспен аяқталды.

Жасұландықтармен сәнді кеш  көйлектерімен жұптасып билеген – Республикалық жоғары медициналық колледждің, Алматы облыстық инновациялық технологиялар колледжінің, Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының бойжеткендері болды.  

Мерейтойға орай полковник Нұрлыхан Ерекешовтың қазақ тілінде "Жас ұлан мектебіне 40 жыл" кітабы жарыққа шыққанын атап өту маңызды. Басылым оқу орнын құрудың бастауында тұрғандардың, сондай-ақ оның түлектерінің естеліктеріне арналған.

Өзгелердің жаңалығы