Биыл наурыз мерекесін 10 күн бойы тойлаймыз. Бүгін Ұлттық киім күні. Мереке қарсаңында елімізде ұлттық киімдерімізді дәріптеп, нарыққа заманауи үлгіде ұсынып жүрген жас кәсіпкер Мырза Тасқынмен сұқбат құрдық, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
- Қайырлы күн, Тасқын мырза. Ұлттық киімдерді дәріптеуді қашан бастадыңыз?
Қайырлы күн, осыдан екі жыл бұрын наурыз айында біздің компанияның негізі қаланған болатын. Өзім Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында «кинооператор» мамандығын тәмамдағанмын. Мамандығым бойынша «Қазақфильмде» қызмет етіп жүріп, ерте заманның, қазақи нақыштағы киімдерге қатты қызығушығым туды. Содан араға уақыт салып атамның есімімен өзімнің кәсібімді екі кеудешені сатудан бастадым. Екеуін сатып, төртеуін тігіп, оны сатып тағы үлкейтіп, қазіргі таңда 50-ге жуық қызметкеріміз бен қоймамызда 5 мыңға жуық шапанымыз бар.
- Қазір ұлттық киімге сұраныс қаншалықты жоғары?
Сұраныс өте жоғары. Ұлттық киім десе көз алдымызға оюлы шапандар мен бас киімдер елестейді. Бірақ қазір дизайнерлер минимализм форматында күнделікті өмірде киетін етіп киім үлгілерін жасауда. Біздің мақсатымыз да сол – қазақтың шапандары, кеудешелері тек атаулы күндерде ғана емес, күнделікті киілетін киім үлгісінің біріне айналса дейміз. Әуелгіде тек үлкен кісілер қызығушылық танытатын. Уақыт өте жастарымызды да баулып, қазір көптеген тұтынушымыз осы жастарды құрап отыр.
- Ал нарықта бәсекелестік қалай?
Осыдан екі жылғымен салыстырғанда нарықта бәсекелестік өте жоғары. Себебі халықтан сұраныс артты. Дегенмен көп кәсіпкерлер осы саладан қыруар қаржы тапсам деген ниетпен келіп жатады. Менің бұл саладағы ұстанымым – шапанды сатып, халқымыздың рухани дамуына үлесімді қосу.
- Сіз 5 мыңға жуық шапанымыз бар дедіңіз. Ал осы шапандар дизайны қалай жасалынады?
Кәсіби білімі бар суретшілер, ою саласын зерттейтін жандармен ақылдасып, кей жағдайда оюларды сатып алып жатамыз. Негізінен шапандардың дизайнын сызатын, өрнектейтін екі дизайнеріміз бар. Олар үнемі ізденісте жүреді. Басшы ретінде ерекше, тың идеялардың болуын өзім де талап етемін.
- Шапан түрлері де көп. Бірнешеуіне тоқталып кетсек...
Бізде шапандардың бірнеше түрі бар. Мысалы «Хан» шапаны. Арқасында және жеңінде мырзаларға сай, ер-азаматтардың сұсты мінезін көрсететін ою-өрнек тігілген. Әзірге тек пальто тектес қалыңдықта бар. «Байсал» шапанымыздың атауы қазақтың ер-жігіттерінің байсалды, байыпты, нағыз жігіттік мінезіне арқау етіп қойылған. Оюы — қазақтың қошқар мүйізі. Бұл ою да ежелден келе жатқан ою түрі. Шапанның сұлбасы да киген адамның жүріс-тұрысын нықтап, тұлғалық қасиеттерін ашуға бағытталған. Яғни бұл шапанды киген ер-жігіт денесін тіктеп, иығын түзулеп жүретіні анық. Одан соң «Мырза» атты шапанымыз бар. Оны отбасының барлық мүшелеріне тапсырыс беріп, алсаңыздар болады.
Сұқбат бергеніңізге алғыс.