"Жас кәсіпкер" бағдарламасына қызығушылық мол – жоба жетекшісі

28 Қараша 2019, 21:49
7711
Бөлісу:
"Жас кәсіпкер" бағдарламасына қызығушылық мол – жоба жетекшісі

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы жастардың қаласы. Сауданың, жаңа бастамалардың орталығы деп жатамыз. 

Осы тұрғыда қаладағы жастарды кәсіпкерлікке баулу ісі қалай жүргізіліп жатқанын білу үшін "Атамекен" ҰКП-ның Алматы қаласы бойынша  Бастау және Жас кәсіпкер жобасының басшысы Қуанышбек Ерниязовпен сұқбаттасқан едік. 

- Қуанышбек, биыл Жастар жылы деп қабылданып, жастарды қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар қолға алынғаны белгілі. Солардың бірі сіздер жүргізіп отырған Жас кәсіпкер бағдарламасы. Алматы қаласы бойынша осы бағдарламаның іске асу барысы қалай болып жатыр?

- Жастарды кәсіпкерлікке баулуға арналған бұл бағдарлама бойынша елімізде 20 мың жасты қамту жоспарланған еді. Оқыту жұмыстары 2019 жылдың  22 шілдесінен басталды. Алматы қаласында қазірге дейін 2650 адам осы оқыту курсынан өтті. Оған бірінші кезекте жұмыссыз жүрген жастар, одан кейін өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, фрилансерлер, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, көпбалалы отбасыдан шыққандар қатысты.

 - Оқыту курстары сіздердің орталықтарыңызда өтті ме? 

- Жоқ, Алматы қаласының сегіз ауданы бойынша 32 оқыту сыныбы жасақталды және оқыту курсы төрт лекпен өткізілді. Оқыту курсы кезінде білікті бизнес тренерлер жұмыс істеді. Олар Нұр-Сұлтан қаласында арнайы іріктеулерден өткен мықты мамандар. Бизнес-тренерлердің өздері кәсіпкерлікпен айналысқан, бизнестің қыр-сырын білетін және мемлекеттік қызметте, банк саласында  еңбек еткен адамдар. Бизнес-тренермен қоса психологтар да жұмыс істеді. Олар жастарға кеңес беріп отырды. Сондай-ақ, жобаның коодинаторлары да бағыт-бағдар берумен болды. Сабақ барысында түрлі мастер-кластар ұйымдастырылып, жастарға жекелей консультациялар беріліп отырды. Оған қоса сабаққа белгілі кәсіпкерлер де шақырылып отырды. Олар өздерінің тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ, жергілікті құзырлы органдардың мамандары да келіп дәріс оқыды. Әсіресе салық, прокуратура, СЭС, Азаматтарға арналған үкімет мекемесінің өкілдері келіп кәсіпкерлікке қажетті ережелерді жан-жақты түсіндірді. Яғни кәсіп ашарда нені білу керек, қандай ережені сақтау керектігін жастар біліп шықты. Көпшілік салық төлеу бойынша немесе басқа да құжаттар бойынша есеп беруді қиын көреді. Ал мына жерде сол саланың мамандары ұғынықты тілмен бәрін түсіндіріп берді. 

- Жас кәсіпкер жобасы аясында қаржылай грант та беріледі деп жатады, сол жайлы толығырақ айтып берсеңіз?

- Иә ол рас. Биыл осы мемлекеттік бағдарламасы аясында Алматы қаласына 2617 грант бөлінді. Мемлекеттік  гранттың көлемі 505 мың теңге. Ол кәсібін енді ашқан, яғни 18-29 жас аралығындағы жастарға, көпбалалы аналарға және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға кәсібінің алғашқы жарнасы ретінде беріледі. Бұл грантты қала бойынша қазір 1517 адам алып үлгерді. Бұл жұмыс желтоқсан айына дейін жалғасады, сондықтан грант иегерлерінің қатары алдағы уақытта арта түседі.

- Алматы жатсар қаласы, жаңа бастамалар орталығы деп жатамыз. Курсқа қатысқан жастардың бизнес жоспарында тың идеялар кездесе ме?

- Әрине, Алматыда ең белсенді жастар жиналған десем артық болмас. Көпшілігінің сауда, қызмет көрсету саласында тәжірибелері бар. Жас кәсіпкер жобасымен білім алған жастардың бизнес жоспары тың идеяларға толы болды, яғни бұған дейін еш жерде болмаған бизнестің түрлерін жасап жатыр.  Жастардың кәсіп ашуға деген ынтасы өте жоғары. Әсіресе дәмхана, ателье ашамын дегендер өте көп, сондай-ақ, IT саласы бойынша және интернет дүкен ашып жатқандар қатары мол. Кейбір жастар тіптен шетелдік интернет дүкендерінің алаңына дейін шығып, сол жақты игеріп жатыр. Алматы жастары өте белсенді. Оны бизнес-тренерлердің өздері де айтып жатыр.

- Осы курсқа қатысқан жастарға тағы қандай басымдықтар берілді?

- Жас кәсіпкер оқыту курсына қатысушылардың барлығына айына 16 мың теңге көлемінде шәкіртақы төленіп келді. Сабақты аяқтаған соң оларға өздерінің бизнес-жоспарын жасап шығару талабы қойылды. Сондай-ақ, курс барысында оларға өздерінің бизнес идеясы бойынша маркетингтік зертеулер жүргізу тапсырылды. Соны ары қарай жетілдіріп өзінің бизнес-жоспарын жасап, оны сәтті қорғағандар 505 мың теңге көлеміндегі мемлекеттік грантқа қол жеткізді. Грантты иеленген жастар оны бастапқы капиталы ретінде пайдаланып, өздерінің кәсібін ашып жатыр. Кәсіптерінің түрі әр алуан, оның ішінде қызмет көрсету, өндіріс саласы, IT, интернет дүкен де бар. Өздеріңіз білесіздер Алматы қаласы сауда орталығы, сондықтан мұнда жастарға мүмкіндіктер өте көп.

- Кәсіпкерлікке баулу курсына жастардан бөлек көпбалалы аналар да қатысты дедіңіз. Тағы қандай топтарды қамтыдыңыздар?

- Бұл жоба аясында қаладағы мүмкіндігі шектеулі жандар да тыс қалмады.  "Үміт" мылқаулар қоғамдық орталығында мүмкіндігі шектеулі жастарды да кәсіпкерлікке оқыттық. Яғни құлағы естімейтін, сөйлей алмайтын және көздері жөнді көрмейтін адамдарды  қамтыдық. Алматы қаласы үшін бөлінген 2617 гранттың 170-і осындай жандарға арналды. Мүмкіндігі шектеулі жандар айналысатын кәсіп түрі өте көп. Мәселен, шағын ателье,  массаж жасау орталығын ашу, аяқ-киім жөндеу, тіптен кейбірінің өнерге иекемі бар екен. Домбыра тартатындар өздерінің өнер мектептерін ашады,  яғни мүгедектігі бар жандар еңбектенетін сала өте көп. Бастысы оларға сүйемелдеу жұмыстарын жүргізу қажет. Біз оларға кәсіпкерлікті дәріптеп, қалай жүргізу қажеттігін түсіндірдік. 

- Жалпы қала бойынша осы курсқа қызығушылық танытып, қатысамын деп  ниет білдіргендер көп болды ма?

- Жас кәсіпкер жобасы "Бастау бизнес" бағдарламасының бір компоненті болып келеді. Бастапқыда кезде Бастау жобасына адам аз келетін, қазір бір орынға 10 адамнан келіп отыр. Әсіресе Алматыдағы Жетісу, Алатау, Түркісіб және Наурызбай аудандарында жастар қызығушылық танытпаған еді. Қазір сұраныс өте жоғары. "Бизнес жоспарларымыз бар, соны ары қарай жетілдіріп, мемлекеттік грантқа тапсырып көрсек деп едік" деп келіп жатқан жастар қатары мол. Оның үстіне ақпараттандыру жұмыстары да жақсы жүргізілді. Кейбірі осы курс жайлы таныстарынан естіп, біліп келіп жатыр. Әрине, бұған біз қуаныштымыз. 

- Жас кәсіпкер жобасына қатысу үшін қайда бару керек?

- Оған жазылу үшін әр аудандағы оқыту сыныптарына барып жолығу керек немесе "Атамекенге" барып тіркелуге болады. Сондай-ақ, тұрғылықты аудандағы Халыққа қызмет көрсету орталығына да барып жолықса болады.

 - Әңгімеңізге рахмет!


Өзгелердің жаңалығы