Жас ғалымдар жеңілдетілген бағдарлама бойынша баспаналы болды

13 Наурыз 2024, 02:26
316
Бөлісу:
Жас ғалымдар жеңілдетілген бағдарлама бойынша баспаналы болды
Фото: gov.kz

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 10 жас ғалымы "Жас ғалым" жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы бойынша тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, оларды университет ректоры және «Отбасы Банкі» АҚ орталық филиалының өкілдері құттықтады.

ЕҰУ Жасушалық биология және геномика институтының ғылыми қызметкері Әсия Құсайынова 2013 жылдан бері молекулалық генетика саласында еңбек етеді. Ғалым радон мен асбест әсерінен туындайтын өкпе обыры патогенезінің молекулярлық-генетикалық аспектілерін зерттейді. Ол жас ғалымдарға арналған жеңілдікпен несие беру бағдарламасының арқасында бір бөлмелі пәтердің иесі атанды.

Өз меншігіңде баспананың болуы әрқашан тұрақтылық пен болашаққа деген сенімділікті ұялатады. Жас ғалымдарға арналған ипотекалық бағдарламаның ашылуы мені қатты қуантты, жігерлендірді және біз тиімді шарттармен жеке баспана сатып алу мүмкіндігіне ие болдық, - деді Әсия Құсайынова.

Ғалымдарды ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов пен «Отбасы Банкі» АҚ орталық филиалы директорының орынбасары Жанар Ізімбетова құттықтап, оларға несие алу туралы сертификаттар мен естелік сыйлықтар табыстады.

Соңғы жылдары отандық ғылымға бөлінетін бюджет қаражаты бірнеше есеге өсті. Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында ғылым қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту, оның ішінде тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жаңа мүмкіндіктер жасалуда. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі және "Отбасы Банкі" АҚ-мен келісімге қол қойып, жас ғалымдарды баспанамен қамтамасыз етудің арнайы бағдарламасын іске қосты, - деді Ерлан Сыдықов.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің және "Отбасы Банкінің" жас ғалымдарға арналған тұрғын үй бағдарламасына Қазақстан азаматтығы бар, магистр дәрежесінен төмен емес, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен кемінде үш жыл айналысатын 40 жасқа дейінгі ғалымдар қатыса алады. Талаптардың бірі  - жеке тұрғын үйдің болмауы.

Өзгелердің жаңалығы