Жас депутат жастарға арналған бағдарламаны сынға алды

9 Ақпан 2022, 18:42
2942
Бөлісу:
Жас депутат жастарға арналған бағдарламаны сынға алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаты Мәди Ахметов жастар бағдарламаларына түбегейлі өзгерістердің қажет екендігін айтты.

Тәуелсіз еліміздің тарихына «Қасіретті қаңтар» трагедиясы ретінде енген қаралы күндер мемлекеттік жастар саясатына және қысқа мерзімді, жағдайды уақытша тұрақтандырып, статистиканы жақсартуға бағытталған жастар бағдарламаларына түбегейлі өзгерістердің қажет екендігін анық көрсетті, - деді ол.

Ахметовтың сөзінше, бұл жастар санының 1 миллион 600 мыңын құрайтын ауыл жастарына тікелей қатысты. 

Соңғы зерттеулерге сүйенсек, ауыл жастарының әрбір төртінші өкілі өз ауылында өмір сүруді жалғастыруға ниетті емес, миграциялық көңіл-күй жоғары. Мысалы, 2015-2017 жылдар аралығында ауылдық жерден 340 мың жас қоныс аударған, өкінішке қарай, бұл тенденция жалғасып келеді. Мемлекеттік органдардың мәліметінше елімізде ерекше назар аударуды қажет ететін 1 миллионнан астам жастар бар. Олардың қатарына жұмыссыз, табысы күнкөріс денгейінен төмен, мүгедектігі бар және асоциалды жастар кіреді. Бұл топтағы жастардың 536 мыңы ауылдық жердің тұрғындары, - деп айтты жас депутат.

Мемлекет басшысы 2020 жылдың мамырында ауылдағы жастарға жағдай жасап, оларды жұмыспен қамтамасыз етпесек, бақылаусыз миграция мен урбанизацияға ұшырап, соның салдарынан күрделі әлеуметтік және саяси мәселелер туындауы мүмкін екендігін ескертіп, Үкіметке жедел шара қабылдауды тапсырған болатын. 

Көріп отырғанымыздай, тапсырма тиісті деңгейде орындалмады, қабылданған шаралар іс-жүзінде айтарлықтай нәтиже бермеді. Оның үстіне соңғы 3 жылда Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жастар саясатына жауапты 5 вице-министрі ауысып үлгерген. Бұл тұста кешенді нәтижелі жұмыс қайдан болсын! Сонымен қатар мемлекеттік жастар саясатын іске асыратын өңірлердегі басқармалар қазіргі таңда 4 облыс және елордамызда ғана бар. Аймақтық деңгейде жастарға қатысты мәселені бақылауда ұстап, қалаларға ауылдан келген жастарды әлеуметтендіретін, ауыл жастарымен жүйелі жұмыс жүргізетін, оларды қолдауға бағытталған бағдарламалардың бірыңғай үйлестірушісі жоқ, - дейді ол.

Мәжіліс депутатының сөзінше, мемлекет қазынасынан жылдар бойы үздіксіз бөлінген миллиардтаған қаржыға қарамастан еліміздегі төрт жас азаматтың үшеуі жастарды қолдауға бағытталған бағдарламалардан мүлде бейхабар. Ал өңірдегі жастар ресурстық орталықтары жайлы олардың 4/1 бөлігі ғана хабардар.

Өзгелердің жаңалығы