Астана, BAQ.KZ. Бұл туралы Орталық коммуникациялар орталығында МҚІСЖҚА Мемлекеттік қызмет департаментінің директоры Жаркын Тлеукенов айтты.
«Жастар жылының салтанатты ашылуында Мемлекет басшысы атап өткендей, «жастар – еліміздің заманауи әлемде бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы» болып табылады. Дарынды жастар кез-келген қызмет саласында жетістікке қол жеткізе алады. Бұл жеке сектор үшін де, мемлекеттік қызмет үшін өзекті. Бүгінгі күні 22 мыңнан астам жас азамат (90932-ден 22398 немесе нақты санның 24,6%) өздерінің мансаптық талғамдарын мемлекеттік қызметпен байланыстырды. Жастардың ел басқарудағы белсенді рөлін өткізілген мониторинг нәтижелері айқын көрсетуде», - деді спикер.
Оның айтуынша, бір жарым мыңнан астам (1567) жас маман мемлекеттік қызметте түрлі басқарушы лауазымдарда жұмыс жасауда.
Мысалға, 2370 ауылдық округ әкімдерінің 94-і 29 жасқа дейінгі қызметшілер болып табылады.
Ауылдағы жұмыстың тартымдылығын арттыру үшін «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасын мемлекеттік қызметшілерге тарату заң жүзінде қарастырылуда.
Бұл жас қызметкерлерді көтерме ақымен және тұрғын үй сатып алу немесе құру үшін бюджеттік кредиттермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Үздік жоғары оқу орындарының, соның ішінде Назарбаев Университетінің түлектері үшін мемлекеттік қызметтің тартымдылығы артуда.
Жалпы өткен кезеңмен салыстырғанда шетелдік білімі бар жұмыскерлердің үлесі 70%-ға, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттары - 13%-ға, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы түлектерінің үлесі – 3%-ға өсті.
Жарқын Тлеукенов пресс-конференция барысында мемлекеттік қызметтің тартымдылығы өсіп жатқандығын атап өтті.
Бүгінгі күні объективті әрі ашық іріктеу өткізу үшін барлық жағдай жасалған.
Мысалы, өткен жылы мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға орналасуға өткен конкурстарда 26 мыңнан астам (26608) жас үміткер қатысты.
Олардың ішінде 10,5 мыңнан астамы (10732) түрлі мемлекеттік лауазымдарға тағайындалды.
Анықтама ретінде айтып өтетін жағдай, 2018 жылы жалпы 23 761 адам тағайындалды, яғни шамамен әрбір екінші тағайындалған адам – бұл 29 жастан аспаған үміткер.
«Қызметшінің сіңірген еңбегіне негізделген кезең-кезеңмен мансаптық өсу қамтамасыз етілуде. Өткен жылы ішкі конкурстарға қатысу арқылы 7 мыңға жуық жас қызметші лауазымда жоғарылату алды. Бүгінгі күні, мансаптық үлгіге өтумен, мемлекеттік қызмет жеке мамандық ретінде қарастырылуда. Мысалы, Жапонияда мемлекеттік қызмет ұқсас қағидаттарға негізделіп құрылған. Қолына диплом алған 22 жасар жас маман өзі үшін мемлекеттік қызмет пен жеке сектор арасында шешуші таңдау жасауы тиіс. Бұдан әрі ол таңдаған бағыттан бұрмай, іштей дамып, мансаптық саты арқылы рет-ретімен көтеріледі. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру шеңберінде біз мұндай үлгінің имплементациясын жүргіздік», - деп түйіндеді Жарқын Тлеукенов.