Жарық, су, жылу қымбаттады. Тариф неге өсті?

18 Шілде 2023, 10:16
4827
Бөлісу:
Жарық, су, жылу қымбаттады. Тариф неге өсті?
Фото: BAQ.KZ

Қазақстанда коммуналдық қызметтер қымбаттады. Енді азаматтар жарық, су үшін 1 шілдеден бастап жаңа тариф бойынша төлей бастайды. Қызметтер бағасы қанша пайызға өсті және оған не себеп? BAQ.KZ тілшісі шолу жасап көрді.

Биылдан бастап энергия көздерінің жабдықтарын кешенді жаңғырту, сондай-ақ электр, жылу, сумен жабдықтау және су тарту желілерінің тозу деңгейін төмендету мақсатында «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын іске асыру басталды.

Үкіметтің айтуынша, елімізде тозығы жеткен коммуналдық желілерді қалпына келтіріп, осы саладағы мамандардың жалақысын көтеру үшін тарифті көтеруге қажеттілік туындап отыр.

Қазақстанда коммуналдық желілердің жартысы тозған

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, елімізде барлығы 128 мың шақырымға жуық жылу, сумен жабдықтау және су бұру желілері бар. Сол желілердің 51%-ы тозған. Олар Павлодар облысында 68%-ға, Шығыс Қазақстан облысында 64%-ға, Қарағанды облысында 62%-ға және Ұлытау облысында 62%-ға тозған.

Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасына сәйкес 2030 жылға қарай біздің алдымызда коммуналдық желілердің жалпы тозу көрсеткішін 40%-ға дейін төмендету міндеті тұр. Жылумен жабдықтау желілері бойынша 43%-ға дейін, сумен жабдықтау бойынша 32%-ға дейін, су бұру бойынша 44%-ға дейін жоспарланған. Тозуды төмендету бойынша нысаналы индикаторлар белгіленіп, өңірлерге жеткізілді, - деген болатын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Үкіметте.

Осы жылы 126 шақырым жылу желілерін жаңғыртуға 86 млрд 300 млн теңге бөлінген. Сонымен қатар министрлік алдағы жылыту маусымына дайындық барысын және жылумен жабдықтау жобаларына мониторинг жүргізу мақсатында жұмыс тобын құрып тексеру жұмыстарын жүргізуді бастаған.

«Инвестиция орнына тариф»

Энергетика министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бекітілген «Жол картасы» шеңберінде «Инвестиция орнына тариф» жаңартылған бағдарламасын іске асыру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Мәселен, электр энергиясын генерациялау секторының инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында қайтарымды инвестициялардың жылдық лимиті 32 млрд теңгеден 428 млрд теңгеге дейін көтерілді.

Биылдың 1 маусымынан бастап министрлік берілген өтінімдерге сәйкес 47 энергия өндіруші ұйымның 27-сінің электр энергиясына шекті тарифтерін түзеді, олардың тарифтерінің орташа өсуі шамамен 24% құрайды. Электр қуаты нарығында шекті тарифті айына 1 МВт үшін 1,5 млн теңгеге дейін ұлғайту жоспарланып отыр, - деді Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.

Бұл шара жұмыс істеп тұрған станцияларды жаңарту және жөндеу үшін генерация секторына жыл сайын 160 млрд теңге көлемінде инвестиция құюға мүмкіндік береді.

Болжамды тарифтік саясатты қамтамасыз ету мақсатында инфляция деңгейіне жыл сайынғы индекстеуді ескере отырып, электр энергиясына шекті тарифтерді ұзақ мерзімді кезеңге бекіту мүмкіндігі қаралады.

2023-2024 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық үшін бірқатар жоспарымыз бар. Мысалы, жөндеу жұмыстарының қажетті көлемде және келісілген мерзімдерде орындалуын қамтамасыз ету, энергия көздерінде отынның және қосалқы бөлшектердің нормативтік қорын жасау, сонымен бірге әр өңірдегі коммуналдық қызметтің сапасы қайта қаралады, - деген болатын Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Үкіметте.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, тарифтер көтерудің арқасында тозған жылу желілерін жаңғырту және Тұрғын үй коммуналдық шаруашылықтары қызметкерлерінің жалақысын арттыру көзделген.

7 жылда шамамен 3 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Бұл ақшаны 60 мың шақырымнан астам инженерлік желілерді күрделі жөндеуге жұмсайды. Жалпы алғанда, барлық қазақстандық жылу электр орталығы мен энергетикалық кешеннің инфрақұрылымын ретке келтіру үшін 182 млрд теңге қажет. Егер биыл тарифтер 30%-ға өссе, келер жылы өсім 10-30%, ал одан кейінгі жылдары 7-8% болады. Яғни коммуналдық қызметтер жыл сайын біртіндеп қымбаттайды, - деді Қуантыров.

Ал биыл 5,8 мың шақырым инженерлік желілерді жөндеуге шамамен 250 млрд теңге сомасына инвестициялар тарту жоспарланып отыр.

Тарифті өсіру мәселені шеше ме?

Премьер-министр Әлихан Смайылов тариф мәселесінде саланы дамыту қажеттілігін де, халықтың мүмкіндігін де ескеру керегін айтты.

Станциялар, коммуналдық кәсіпорындар іс жүзінде 3 жылдан астам уақыт бойы табыссыз жұмыс істеп келді. Сондықтан жөндеу жұмыстарына қаражат салған жоқ. Қаражат салынса да, ол қарыз алу арқылы немесе мемлекет есебіне жүзеге асырылды. Энергия нысандарын жөндеу құны ондаған есеге қымбаттап кетті, - деп атап өтті Үкімет басшысы.

Үкімет басшысы атап өткендей, металл мен құбырлар, арматура мен электротехникалық бұйымдардың және басқа да жабдықтардың бағасы айтарлықтай өсті. Жалақының төмен болуына байланысты энергетика саласынан білікті мамандар жаппай кете бастады.

Ал, кәсіпорындар оларға тиімді жұмыс жағдайын ұсына алмады. Бұған қоса, 2021-ші жылдан бастап Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы пайда болды. Біз электр қуатын ұлғайтуға тиіспіз. Сондықтан тарифтерді өсіру – қажеттілік, - деді Әлихан Смайылов.

Үкімет кімнің коммуналдық шығындарын өтеп береді?

Үкіметтің хабарлауынша, халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарының коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығындардың бір бөлігі өтеледі. Мұндай тетік мемлекеттік тұрғын үй көмегін көрсету аясында көзделіп отыр.

Ол аз қамтылған отбасыларға немесе азаматтарға коммуналдық қызметтер (жылу, электр және сумен жабдықтау, байланыс, лифт қызметі және т. б.) шығындарын өтеу үшін тоқсан сайын төленеді. 

Басты шарт – төлем алушының меншігінде Қазақстан аумағында бір ғана баспана болуы керек немесе ол мемлекеттік тұрғын үй қорынан, жеке меншік тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған баспананы жалға алушы (тең жалға алушы) болуы тиіс.

Биыл Үкімет енгізген өзгерістерге сәйкес, егер коммуналдық қызметтерге жұмсалатын сома отбасының немесе азаматтың бір айдағы жиынтық табысының 10%-нан асатын болса, тұрғын үй көмегі беріледі. Бұрын бұл көрсеткіш әр өңірге байланысты 2-20% аралығында болған. Бұл ретте әкімдіктер рұқсат етілген шекті деңгейді 10%-дан төмендетуге құқылы.

Мысалы, егер отбасының немесе азаматтың бір айдағы жиынтық табысы 100 мың теңгені, ал коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығыны 15 мың теңгені (табыстың 10%-дан астамын) құраса, онда азаматтың жергілікті бюджет қаражаты есебінен өтем алуға құқығы бар.

Үкімет бекіткен түзету болашақ тұрғын үй көмегін алушыларды қамтуды кеңейтуге және аз қамтылған азаматтарға қаржылық жүктемені азайтуға бағытталған.

Жалпы соңғы 4 жылда 174 мыңнан астам абонентке тұрғын үй көмегі үшін жалпы сомасы 5 млрд теңге төленді. Ал осы жылдың 6 айында 31 мың отбасына 630,5 млн теңгеге көмек көрсетілді, - делінген Үкіметтің баспасөз хабарламасында.

Осылайша, коммуналдық қызметтер тарифтері көтерілген жағдайда өтемақы да ұлғаяды, яғни азаматтардың шығындары ұлғаймайды.

Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін азаматтарға тұрғылықты жері бойынша әкімдікке жүгіну қажет.

«Барлығы тек халықтың мойнына жүктеле салған жоқ»

ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Болатбаев тарифтердің өсуінің себебін түсіндірді.

Оның айтуынша, қазіргі күні елімізде жылумен, электр энергиясымен, сумен және басқа да коммуналдық қызметтермен үздіксіз қамтамасыз ету үшін коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымының жай-күйін жаңарту қажет. Сонымен қатар осы салада жұмыс істейтін білікті мамандардың жалақасының төмен. Сол себепті қызметтің сапасын арттырып, мамандарды сақтап қалу үшін жалақыны көтеру мәселесі қарастырылып отыр.

«Инвестиция орнына тариф» бағдарламасы бойынша қосымша инвестиция тарту көзделіп отыр. Осы себептен тарифтерге салмақ түсіріліп отыр. Десе де тартылатын инвестицияның барлығы тек тарифті көтеру арқылы ғана емес, сонымен бірге бюджет есебінен де қарастырылуы мүмкін. Сонымен бірге айта кетерлігі, тариф тек тұтынушыларға, яғни халыққа ғана қолданылмайды. Тариф заңды тұлғалар, бюджеттік ұйымдарға да қолданылады. Сондықтан барлығы тек халықтың мойнына жүктеле салған жоқ. Кейбір өңірлерде қызмет көрсету көлемі өзге тұтынушыларға қарағанда халыққа төмен көлемде көрсетілуі мүмкін, - деп айтты Нұрлан Болатбаев.

Монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары атап өткендей, әлеуметтік осал санаттағы отбасылар үшін көмек қарастырылған. Яғни осы санатқа жататын отбасылар жергілікті әкімдікке жүгініп, тиісті қолдауды ала алады. Ол үшін әкімдікке тиісті құжаттарды тапсыру қажет.

1 шілдеден бастап тарифтер Қазақстан бойынша орташа есеппен 10 пайыздан 30 пайызға дейін өседі. Қазір бұл жұмыс басталып кетті, кейбір өңірлерде кеш басталуы да мүмкін. Мысалы, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Ақмола, Түркістан, Жетісу және Қарағанды облыстарында, Алматы және Астана қаласында 1 шілдеден тариф бағасы көтерілді. Ендігі кезекте қалған өңірлерде де тарифті көтеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Тарифтердің өсуі кей өңірлерде 10 пайыздан басталса, кей жерлерде 30 пайызға дейін баруы мүмкін. Өйткені есеп бойынша әрбір өңірдің өзіндік ерекшелігі бар. Мысалы, желілердің тозуы, инвестицияны тарту деңгейі немесе маман жалақысының аздығы, онымен қоса желілердің көп не аз болуы. Яғни әр өңірде әртүрлі жағдай болуы мүмкін. Сол себептен есеппен санаған кезде 10-30%-ға дейін өзгеріп отырады. Мысалы, 10 пайызға өседі делік. Кей пәтер иелері коммуналды қызметтерге айына 8 000-9 000 теңге төлеуі мүмкін. Енді бұл соманың 10%-ы 800-900 теңге шамасында болады. Оны азаматтардың ай сайын төлейтін түбіртектегі сомасына қарай есептеуге болады, - деп айтты ол.

Жаңа тариф енгізілген күннен бастап осы салада жұмыс істейтін мамандардың айлық жалақысы да көтерілуі керек. Ал станцияларды жөндеу жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіледі.

Айта кетейік, электр энергиясы саласын 3 салаға бөліп қарастырады. Олар: өндіруші, тасымалдаушы және жабдықтаушы. Электр энергиясын өндіруді Энергетика министрлігі реттейді, ал тасымалдаушы мен жабдықтаушы жұмыстары Ұлттық экономика министрлігінің құзырында. Енді тасымалдаушы ғана табиғи монополия субъектісіне жатады.

«Елімізде қымбатшылық науқаны жүріп жатқандай»

Коммуналдық қызметтердің қымбаттауына қарсымын. Бірақ елімізде қазір барлық қызметке, барлық тауарға қымбатшылық науқаны жүріп жатқан сияқты. Көзіміз қайда тисе де, не сатып алсақ та, бәрінің бағасының өсіп кеткенін байқап жатырмыз. Коммуналдық тарифтер 1 шілдеден бастап қымбаттаса, яғни жазда жылу қосылмағандықтан айтарлықтай байқалмайды деп ойлаймын. Бірақ күзде жылу берілгеннен кейін баға тұрғындардың қалтасынан біршама әсер етеді. Мысалы, осы күнге дейін қыстыгүні коммуналдық қызметтерге шамамен 20 000-25 000 теңге келіп жүрді. Енді мұның үстіне 10-30 пайыз қосылса, қалтамызға салмақ түсері белгілі, - дейді елордалық Жәудір Азаматова.

Мамандардың айтуынша, бағаның көтерілуі көпшілікке айтарлықтай әсер етпейді. Заңды тұлғалар үшін де бұл тариф тауарлар мен қызметтердің бағасына өзгеріс әкелмеуі керек. Тарифтердің көтерілуі апаттардың азайып, коммуналдық қызмет сапасының артуына септігін тигізеді.

Өзгелердің жаңалығы