Жарты жыл ішінде пневмониямен ауырғандар 3,3 есеге артқан

17 Шілде 2020, 16:12
1341
Бөлісу:
Жарты жыл ішінде пневмониямен ауырғандар 3,3 есеге артқан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 2020 жылдың 1 қаңтары мен 15 шілдесі аралығында Қазақстанда пневмониямен ауырған 234 187 адам тіркелген. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында "ҚР КВИ бойынша статистикалық деректер және есепке алудың жаңа тәсілдері" тақырыбы аясында өткен онлайн брифинг кезінде айтты.

Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда тіркелген аурулар саны 3,3 есе артқан (70 926 жағдай). Бұл сандар пневмонияның барлық түрімен ауырғандарды сипаттайтынын ерекше атап өткім келеді, яғни:

- стафилококк, стрептококк, пневмококк, клебсиелла және басқа да көптеген бактерия, паразит пен саңырауқұлақ сияқты түрлі қоздырғыштардан туындаған бактериялық пневмония;

- анықталған қоздырғышы бар вирустардан туындаған пневмония. Бұл аденовирусты, риновирусты пневмониялар, сондай-ақ, парагрипп, метапневмовирустардан және басқа да жақсы зерттелген вирустардан туындаған пневмония. Яғни, пневмонияның қоздырғышы анықталмаған вирусты пневмониялар, бұл ретте COVID тәрізді пневмонияны да жоққа шығаруға болмайды, - деді министр.

Алексей Цойдың мәлімдеуінше, бірінші жартыжылдықта пневмониядан болған өлім-жітім деңгейі өткен жылдың осы кезеңіндегі деңгейде қалды, өсу үрдісі тек маусым айының соңында байқалды. 

Қатаң шектеу шаралары енгізілгелі бері 12 күн өтті және бұл инфекцияның 14 күндік инкубациялық кезеңі тізбегінің үзілуі үшін жеткіліксіз. Осы кезеңдегі барлық өлім-жітім жағдайы карантин енгізілгенге дейінгі кезеңде тіркелген науқастар.

Биыл 1 қаңтардан 15 шілдеге дейін пневмониядан болған 3 327 өлім жағдайы тіркелді. 2019 жылдың осы кезеңінде - 1 896 оқиға анықталған, өсім деңгейі -  1,75 есе. Қазіргі уақытта пневмониямен ауыратын науқастар COVID-19-бен қоса, аурулардың барлық жағдайын ескере отырып, стационарлық және амбулаториялық деңгейде көмек алатындығын атап өткім келеді. Біз барлық жағдайды егжей-тегжейлі есепке аламыз, өйткені бұл кадрлық қамтамасыз етуде, қаржыландыру мәселесінде, жабдықтау және дәрі-дәрмектерді, қажетті ресурстарды жоспарлау кезінде маңызды, - деді ол.


COVID-19 жағдайларын тіркеудің жаңа тәсілін қолдану ықтимал жағдайлары бар пациенттерді жіктеуге және статистикалық тәсілдердің ашықтығын қамтамасыз етуге арналған. Министр аурулардың халықаралық жіктемесіне сәйкес COVID-19-бен байланысты ауруларды кодтау кезінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) ұсыныстарын толық қолдануға дайын екенін жеткізді.

ДДСҰ Еуропалық өңірлік бюросының сарапшыларымен техникалық консультация барысында Германияның Роберт Кох институтында орналасқан ДДСҰ зертханасында референттік зерттеулер жүргізу жөнінде келісімге қол жеткізілді. Бұл біздің мемлекетіміздің коронавирус пандемиясына бірлесіп қарсы тұруға және оның салдарын халықаралық қоғамдастықпен тығыз байланыста зерттеуге қатысты дайындығының ашық саясатын көрсетеді. ДДСҰ-ның аурулардың халықаралық жіктемелерін қолдану жөніндегі ұсынымдарын қабылдау басқа елдер үшін үлгі болады деп есептейміз, - деді ол.
Бұған дейін Денсаулық сақтау министрі COVID-19-дың зертханалық расталған жағдайлары ПТР тесті теріс нәтиже көрсеткен, бірақ COVID-19-дың клиникалық және эпидемиологиялық белгілері бар пневмония жағдайларымен біріктірілетінін айтқан еді.
Өзгелердің жаңалығы