Жарты айда 12 млрд теңгені игеріп үлгереміз – экология министрі

13 Желтоқсан 2019, 10:20
3197
Бөлісу:
Жарты айда 12 млрд теңгені игеріп үлгереміз – экология министрі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР премьер-министрінің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында республикалық бюджеттің атқарылу қорытындысы қаралды.

Іс-шара барысында ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзум Мырзағалиев республикалық бюджет қаражаты жыл соңына дейін толық игерілетінін жеткізді. 

11 ай қорытындысы бойынша игерілмеген сома 12 млрд теңгені құрады. Мұның негізгі себебі – вегетациялық кезең аяқталғаннан кейін дренаж жүйелерін қайта жөндеу жұмыстары басталды. Дегенмен, желтоқсан айында игеру деңгейі күшейтілді. Қазіргі таңда жеткізушілердің орындалған жұмыстардың барлық актілері бойынша қазынашылық органдарына төлемдер жолданды. Жылдың қорытындысы бойынша игеру көрсеткішін 99% жетеміз деп ойлаймын, - деді министр. 

Отырыс барысында ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев та барлық қаражат жыл соңына дейін игерілетінін айтты. 

Бізде 8 млрд игерілмеген еді. Осы уақытқа дейін Ұлттық ұлан үшін мемлекеттік қорғаныс тапсырысы аясындағы 3 млрд 262 млн теңгенің 1,5 млрд теңгесі игерілді. Енді жыл соңына дейін барлық тауар жеткізіліп, қалған 1,7 млрд теңге де игеріледі деген сенімдемін. Осыған қоса 20 желтоқсанға дейін автокөліктер мен медициналық құрал-жабдықтар жеткізіліп, 908 млн теңге де пайдаланылады. Тағы 3,8 млрд теңге барлық колония мен әскери қызметкерлердің азық-түлік тауарларына, дәрі-дәрмектеріне және коммуналдық төлемдерге арналған. Бұл соманы 25 желтоқсанда жабамыз, - деді Ерлан Тұрғымбаев.

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың мәліметі бойынша, министрлік игермеген 3 млрд теңгенің 1 млрд 250 млн теңгесі жалпы кәсіпкерлікті дамыту бойынша республикалық маңызы бар қалалар мен елорданың бюджетіне бөлінгенін және қазір ол ақша жергілікті мемлекеттік органдарға жіберілгенін. Ал қалған 1 млрд 600 млн теңге бруцеллезбен күрес жұмыстарына арналған. 

Министрдің сөзінше, бұл қаржы да жыл соңына дейін толық игеріледі.

Өзгелердің жаңалығы