Жарма ауданында коронавируспен күрескен дәрігерлерге пәтер берілді – ШҚО

21 Желтоқсан 2020, 01:39
1497
Бөлісу:
Жарма ауданында коронавируспен күрескен дәрігерлерге пәтер берілді – ШҚО

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданында коронавируспен күресте алғы шепте жүрген дәрігерлерге пәтер берілді. Бұл туралы Жарма ауданының әкімі Ахметқали Нұрғожин әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Биыл эпидемиологиялық ахуал қалыпты тұрмыс-тіршілігімізге үлкен өзгерістер енгізіп, денсаулық сақтау саласы мамандарының маңыздылығын айғақтай түсті. Ауданда қалыптасқан маман тапшылығын шешу мақсатында әлеуметтік қолдау шараларын қабылдаған болатынбыз. Соның айқын нышаны бүгін көрініс тауып, аудандық орталық аурухананың 6 қызметкеріне жаңа пәтерлердің ордерін табыс еттім, – деп жазды аудан әкімі Ахметқали Нұрғожин әлеуметтік желідегі парақшасында.

Оның айтуынша, пәтерге ие болған мамандардың бесеуі – орталық ауруханада, біреуі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласында қызмет етеді.

Жалпы ауданда осы жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында екі пәтерлі төрт тұрғын үй құрылысы жүзеге асқан болатын. Қалған екі пәтерлі бір тұрғын үйді медицина қызметкерлері жатақхана ретінде пайдаланатын болады. Аудан әкімі пәтер иелерінің алаңсыз қызмет атқаруына барынша жағдай жасалатынын айтады.

Өзгелердің жаңалығы