Қазақстан ғалымдары жарап тұр! 6 күнде вирусты анықтайтын тест жүйесін әзірледі

19 Маусым 2020, 11:28
2458
Бөлісу:
Қазақстан ғалымдары жарап тұр! 6 күнде вирусты анықтайтын тест жүйесін әзірледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан ғалымдары 6 күнде коронавирустың бар-жоғын анықтайтын сенімді ПТР-тест жүйесін әзірлеген. Бұл туралы бүгін онлайн-Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты.

Сертификатталған 25 ғылыми зертханасы бар ұлттық биотехнология орталығында білікті қызметкерлер жұмыс істейді. Пандемияның басында, тест жүйелері елімізге жеткізілмей тұрғанда осы ұйымның ғалымдары небәрі 6 күннің ішінде SARS-CoV-2 коронавирустың тірі штамынсыз жасанды синтез арқылы жаңа коронавирустың бар-жоғын анықтайтын сенімді ПТР-тест жүйесін әзірледі. Соның арқасында індеттің алғашқы күндері осы тестілеу жүйесімен жалпы диагностика іске асырылды. Денсаулық сақтау миинистрлігінің тапсырмасымен орталық қазіргі уақытта 11 ПТР-тест жүйесін әзірлеп берді, - деді Асхат Аймағамбетов.

Ал 1958 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан биотехнологиялық қауіпсіздік проблемаларын ғылыми-зерттеу институтының зертханасында қауіпті инфекциялармен жұмыс істейтін еліміздегі жетекші ғалымдар топтастырылған. 

Жалпы қауіпті және аса қауіпті жұмыстардың барлық түрі қауіпсіздіктің үшінші деңгейімен қамтылған. Институт аса қауіпті инфекцияларға қарсы вакциналарды әзірлеу бойынша Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен келісімшарт жасасқан және жұмыс атқарады. Институт зерттеулері негізінен медицина мен ауыл шаруашылығына арналған вакциналардың жаңа түрлерін әзірлеуге, иммуно-биологиялық препараттарды өндіруге, қауіпті және аса қауіпті ауруларды диагностикалау бойынша тест жүйелерін әзірлеуге бағытталған, - министр.

Оның айтуынша, Қазақстанда биологиялық қауіпсіздік және биотехнологиялар саласы бойынша ғылыми-зерттеулер жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Осы мәселемен жалпы 12 ғылыми ұйым айналысады. Онда 4,5 мыңға жуық қызметкер жұмыс істейді, оның 1 300-і ғылыми атағы бар қызметкерлер.

Өзгелердің жаңалығы