Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында ХХ жазғы Азия ойындарының ресми ашылу салтанаты өтті. Додаға Азияның 45 елі мен өңірінен спортшылар қатысып жатыр.
Барлығы шамамен 11 мың спортшы 469 медаль жиынтығы үшін бақ сынайды. Қазақстан құрамасын ашылу салтанатында Париж-2024 Олимпиадасының чемпионы, дзюдошы Елдос Сметов пен ұлттық құрама өкілі, үстел теннисінен спортшы Сарвиноз Миркадирова бастаған ту ұстаушылар таныстырды.
Елдос Сметов – Париж-2024 Олимпиадасының чемпионы, 2016 жылғы Олимпиаданың күміс жүлдегері және 2020 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері. Сарвиноз Миркадирова – Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы және WTT Feeder сериясындағы халықаралық турнирлердің жүлдегері.
Жалпы Азия ойындарында Қазақстан атынан 558 спортшы өнер көрсетеді. Отандастарымыз жарыс бағдарламасына енген 43 спорт түрінің 35-і бойынша сынға түседі.
Ұлттық құраманың Азия ойындарына дайындығы жаттығу процесін күшейту арқылы жүргізілді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес спортшыларды дайындауға халықаралық тәжірибесі мен заманауи әдістемелері бар шетелдік жетекші мамандар тартылды.
Жұмыс отандық жаттықтырушылар мектебін дамытуға, спортшыларды даярлау жүйесін жетілдіруге және қазақстандық атлеттердің ірі халықаралық жарыстарда өнер көрсетуіне қажетті жағдай жасауға бағытталды.
ХХ жазғы Азия ойындары 2026 жылғы 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтеді.