Қазақстандағы Жапония елшілігі “KUSANONE” (“Шөп тамыры”) деп аталатын әлеуметтік жоба аясында шамамен 108 мың доллар грант бөлді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
“KUSANONE” – адам қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында шағын әлеуметтік жобаларға өтеусіз көмек көрсетуге бағытталған Жапония Үкіметінің бағдарламасы.
“Шөп тамыры” бағдарламасы коммерциялық емес ұйымдар жүзеге асыратын жобаларды қолдауға және қарапайым халыққа тікелей көмек көрсетуге бағытталған.
Бүгін Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісінің резиденциясында жалпы сомасы 107 830 доллар құрайтын 2 жоба бойынша гранттық келісімшарттарға қол қою рәсімі өтті.
Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Джун Ямада мырза іс-шараның ашылуында сөз сөйлеп, жобаның маңызы жайлы айтты.
Бүгін сіздерді әлеуметтік жобаларды қолдауға бағытталған қайтарымсыз гранттық келісімшарттарға қол қою рәсімінде көргеніме қуаныштымын. Бұл адамзаттың қауіпсіздігіне арналған Жапония үкіметінің жобасы. Жоба аясында үкіметтік емес ұйымдарға, медициналық және білім мекемелеріне қолдау көрсету арқылы азаматтардың өмір сапасын жақсартуды мақсат етеді. Бұл бағдарлама Қазақстанның барлық өңірінде 1997 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатыр, - деді дипломат.
Джун Ямада мырза атап өткендей, 2023 жылы іріктеліп алынған екі жоба бойынша бүгін келісімшартқа қол қойылды. Бұл - денсаулық саласы мен мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға бағытталған жобалар. Олар Абай мен Жетісу облыстарының жобалары.
Денсаулық сақтау министрлігі Ғылым және адам ресурстары департаменті медициналық білім басқармасының басшысы Әсет Ізденов Жапония елшілігіне әлеуметтік салада көрсетіп отырған қолдауы үшін алғысын білдірді.
Жапония – Қазақстанның стратегиялық серіктесі. Қазақстан мен Жапония арасындағы медицина саласындағы серіктестік ерекше назарымызда. Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі атынан бөлініп отырған гранттар үшін Жапония елшіліне алғыс айтқым келеді. Медициналық құрал-саймандар Қазақстан халқының денсаулық сапасын жақсартуға септігін тигізетініне сенімдімін. Бұл елдеріміздің достық байланысының бір белгісі. Алдағы уақытта да өзара сенім мен жемісті серіктестікті нығайтып, оны жалғастыруға дайынбыз, - деді Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі.
Медициналық жабдықтар мен медициналық мекемелерді жақсарту жобасын Семей медицина университеті ұсынды. Университет бүгін Жапония үкіметімен 95 895 доллар тұратын грант келісімшартына қол қойды.
«Семей медицина университеті» КЕАҚ басқарма төрағасы, ректор Алтай Жүсіпов жобаның негізгі мақсаты жөнінде сөз етті. Сөзінше, өңірлер мен қалаларда базалық медициналық көмек көрсету және емдеу саласындағы өңірлік айырмашылықтарды жоюға үлес қосады.
Бөлінген грантқа университет клиникаға медициналық құрал-жабдықтар сатып алады.
Бүгін Жапония елшілігінде “Шөп тамыры” бағдарламасы аясында келісімшартқа қол қойдық. Осы бағдарлама аясында Семей медицина университетінің госпиталінде қауіпсіздік түймелері орнатылады. Бұл құралдар науқастардың қауіпсіздігіне, көрсетілетін медициналық көмектің сапасына қолжетімділігін жақсартады. Университеттің госпиталінде медициналық көмек үлкендерге де, балаларға да көрсетіледі. Орын шамамен 465 адамға шақталған. Қауіпсіздік түймелері реанимацияда, палатада, жуынатын бөлмелерде орнатылады, - деді Алтай Жүсіпов.
Ректордың сөзінше, клиникада бұған дейін мұндай медициналық жабдықтар болмаған, жоба аясында алғаш рет орнатылмақшы.
Екінші жоба мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуметтік ортасын жақсартуға бағытталған. Жобаға бөлінген гранттың құны - 11 935 доллар.
Талдықорған қаласының мүгедектерге арналған «Спорт-оңалту орталығы» ҚБ төрағасы Елдос Баялышбаев жоба мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту жабдықтарымен жарақтандыруға арналғанын айтты.
Мекемені оңалту құрал-жабдықтарымен жарақтандыру арқылы мүгедектерді әлеуметтік қолдауды жақсартуға және олардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді. Бұл мекеме Талдықорған қаласындағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорттық-сауықтыру орталығы. Орталықтың қызметтерін жұлынның жарақаттары, церебральды сал ауруы бар және т.б. науқастар пайдаланады, - деді ол.
1997 жылдан бері Қазақстанда жалпы сомасы 7 495 036 АҚШ долларға жүздеген жоба жүзеге асырылғанын еске сала кетейік. Осылайша бүгінгі екі келісімшартқа қол қойылғаннан кейін Қазақстандағы гранттық келісімшарттардың жалпы сомасы 8 058 244 АҚШ долларына жетті. Ал жобалардың жалпы саны 118 болды.