15 жылдан кейін мұнай-газды өндіру көлемі төмендейді. Бұл туралы Мәжілістегі Үкімет сағатында депутат Еділ Жаңбыршин айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгінгі таңда мемлекет есебінде 348 көмірсутек шикізатының кен орны бар. Ал еліміздегі мұнай қорының жалпы көлемі – 4,3 млрд тонна.
Көмірсутек шикізаты қорының 72%-ы – «Теңіз», «Қашаған», «Қарашығанақ» сияқты ірі кен орындарының үлесінде. Алдағы 10-15 жылдан кейін осы үш ірі кәсіпорында мұнай-газды өндіру көлемі төмендейтіні анық. Оған қоса, игерудің кеш сатысындағы кен орындарында мұнай-газ өндіру тіпті азаяды, кейбірі жұмысын тоқтатады, - деді депутат.
Жаңбыршин сонау академик Сатпаевтың кезеңіндегідей, тәуелсіздіктің соңғы 25 жылында жүйелі, масштабты геологиялық зерттеу-барлау жұмыстары жүргізілмегенін атап өтті.
Қазіргі уақытта қорлардың өсімі сонау Кеңес Одағы кезінде ашылған кен орындарын қайта бағалау мен зерттеу есебінен толығып жатыр. Бірақ соңғы 5 жылдағы мұнай қорларының өсімі орта есеппен 73 млн тонна болса, ал өндіру көлемі 80 млн тоннаға жетті. Яғни мұнай қорының толығуынан, өндіруіміз қазірдің өзінде 7 млн тоннаға артық. Бұл мұнай-газ саласындағы зерттеу жұмыстары мен өндірудің арасындағы дисблалансты нақты көрсетіп отыр, - деп айтты Мәжіліс депутаты Үкімет сағатында.
Оның сөзінше, геологиялық барлаудың қазіргі баяу қарқыны мен мұнай өндірудің бүгінгі деңгейі сақталар болса, алдағы 15 жылда еліміздің көмірсутек ресурстарының қоры таусылатыны анық.