Бүгін, 12 қарашада еліміздің 17 облысында қолайсыз ауа райына байланысты дауылды ескерту жарияланды. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК хабарлады.
Синоптиктердің болжамынша, бірқатар өңірде жаңбыр мен қар жауып, көктайғақ болады. Сондай-ақ тұман түсіп, желдің екпіні күшейеді.
Жетісу және Алматы облыстарының таулы аудандарында қатты жауын-шашын, соның ішінде қар күтіледі. Түркістан және Жамбыл облыстарында да жаңбыр мен қар жауып, таулы аймақтарда көктайғақ болуы мүмкін.
Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында жауын-шашын, көктайғақ және тұман болжанып отыр. Қарағанды, Ұлытау және Ақмола облыстарында қар жауып, жолдарда көктайғақ қалыптасуы ықтимал.
Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын күтіледі. Ал Батыс Қазақстан, Атырау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда және Павлодар облыстарының кей жерлерінде тұман түседі.
Желдің екпіні кей өңірлерде секундына 15-20 метрге дейін жетуі мүмкін. Сонымен қатар Жетісу, Алматы және Қызылорда облыстарының жекелеген аудандарында өрт қаупі жоғары сақталады.