«Қазгидромет» бүгін, 13 қыркүйекте Қазақстанның барлық өңіріне дауылды ескерту жариялады. Ауа райының қолайсыздығы Астана, Алматы, Шымкент және 17 облысты қамтиды.
Бірқатар өңірде жаңбыр, найзағай, бұршақ, дауыл мен тұман болжанады. Жел екпіні кей жерлерде 23–28 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін.
Ақмола облысында қатты жаңбыр, найзағай, бұршақ пен дауыл күтіледі. Көкшетауда күндіз қатты жаңбыр жауып, жел екпіні 23 м/с-қа дейін жетеді.
Солтүстік Қазақстан облысында да қатты жаңбыр, найзағай, бұршақ пен дауыл болжанған. Петропавлда жел жылдамдығы 23–28 м/с-қа дейін күшеюі ықтимал.
Астанада жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, күндіз дауыл күтіледі. Жел екпіні 15–20 м/с болады.
Қарағанды, Ұлытау, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл және Жетісу облыстарының бірқатар аумағында жаңбыр мен найзағай, кей жерлерде екпінді жел болжанады.
Сонымен қатар көптеген өңірде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады. Шымкент, Түркістан, Қызылорда, Тараз және бірқатар облыста төтенше өрт қаупі жарияланған.