«Қазгидромет» бүгін, 18 тамызда Қазақстанның 15 өңірінде қолайсыз ауа райына байланысты дауылды ескерту жариялады.
Бірқатар облыстарда жаңбыр, найзағай, бұршақ, тұман және қатты жел күтіледі. Кей өңірлерде желдің екпіні 15-20 м/с, Солтүстік Қазақстан облысында кей уақытта 23 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.
Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында найзағай, жаңбыр, бұршақ және қатты жел болжанып отыр. Солтүстік Қазақстанда жекелеген аудандарда дауыл мен екпінді жел күтіледі.
Алматы және Жетісу облыстарының таулы аймақтарында жаңбыр мен найзағай болады. Алматыда таңертең және түстен кейін жаңбыр, найзағай күтіледі.
Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында кей жерлерде жаңбыр мен найзағай болжанып, өрт қаупі жоғары деңгейде сақталады. Батыс Қазақстанда күндіз ауа температурасы +35°C-қа дейін көтерілуі мүмкін.
Ұлытау мен Жамбыл облыстарында қатты жел болжанып, төтенше өрт қаупі сақталады.
Мамандар тұрғындарға дауылды ескерту кезінде сақтық шараларын сақтап, қатты жел, найзағай және өрт қаупі кезінде қауіпсіздік талаптарын орындауға кеңес береді.