Жаңатаста үйден шыққан өрттен 5 бала құтқарылды

26 Маусым 2023, 15:01
756
Бөлісу:
Жаңатаста үйден шыққан өрттен 5 бала құтқарылды
Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Оқыс оқиға Жаңатас қаласы, 5-шағын аудандағы тұрғын үйдің 1-қабатында болды. Өртті сөндіру кезінде 15 тұрғын эвакуацияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жамбыл облысы ТЖД баспасөз қызметі хабарлағандай, 2023 жылғы 25 маусым күні сағат 17:55-те "101" қызметіне Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жанатас қаласы, 5-шағын аудандағы 5 қабатты тұрғын үйдің 1-қабатында өрт шыққандығы туралы хабарлама келіп түсті.

Бірінші кезекте өрт сөндірушілер пәтерлерді барлауға және зардап шеккендердің бар-жоғын тексеруге кірісті. Нәтижесінде 15 тұрғын баспалдақпен құтқарылды, оның 5-уі балалар. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрт сағат 18:19-да толықтай сөндірілді. Өрт алаңы 10 шаршы метрді құрады. Өрттің шығу себебі анықталуда, - делінген хабарламада.

Жамбыл обысы ТЖД өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережелерін еске салды:

  1. Сөндірілмеген темекі мен сіріңке қалдырмаңыз, электр сымдары мен құрылғыларының дұрыстығын қадағалаңыз.
  2. Бір желіге бірнеше электр аспаптарын қосуға жол бермеңіз және қолдан жасалған электр жылыту аспаптарын пайдаланбаңыз.
  3. Тек жарамды пештерді, газ және электр құралдарын пайдаланыңыз, мұржаларды күйеден уақтылы тазалап отырыңыз.
  4. Төтенше жағдайлар туындаған кезде 112 бірыңғай құтқару телефонына қоңырау шалу қажет.

Еске салсақ, 2021 жылы Жамбыл облысының Жаңатас қаласында бір отбасының кәмелетке толмаған бес баласы қаза тапты. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, 4 шағын ауданның көпқабаттағы пәтерінен өрт шыққан. Осы сәтте пәтерде 2015, 2016, 2017, 2019 және 2020 жылдары туған бес бала болған.

Өзгелердің жаңалығы