Жаңару күнінде Жетісу облысында 2500-ге жуық ағаш отырғызылды

19 Наурыз 2024, 20:09
306
Бөлісу:
Жаңару күнінде Жетісу облысында 2500-ге жуық ағаш отырғызылды
Фото: Жетісу облысының әкімдігі

Бүгін Жаңару күніне орай Жетісу облысының барлық аймағында 2500-ге жуық ағаш отырғызылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл экологиялық шараға ардагерлер, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік және қоғамдық ұйымдардың, этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері, жастар қатысты.

Жаңару күні Талдықорғанда бұлақтың көзін ашудан басталып, бұл игі шараға ардагерлермен бірге облыс әкімі Бейбіт Исабаев қатысты.

Наурыз - жыл басы, тіршіліктің басы. Көктеммен бірге түлеген табиғат ана қардың құрсауынан босап, бусанып, жерге көк шыға бастағанда, ата-бабаларымыз бір бірін іздеп, көрісіп, сәлем беріп, төс қағыстырып жататыны ежелден қалыптасқан дәстүр. Мемлекет басшысының бастамасымен биыл Наурыз мерекесі айрықша жаңа форматта, жаңа мазмұнда ұйымдастырылып, 10 күн бойы атап өту белгіленді. Соған сәйкес бүгінге дейін Көрісу, Қайырымдылық, Ұлттық мәдениет және салт-дәстүр, Ұлттық киім күндерін өткіздік. Бүгін жаңару күнінде біз бұлақтың көзін ашып, ағаш егеміз. Наурыздағы осы рухани-адамгершілік құндылықтар – барша қазақстандықтарды ұйыстырып, біріктіре түсетін ортақ мақсат-мұраттар деп білеміз, - деді Исабаев өзінің құттықтау сөзінде.

Осы күні Талдықорғандағы І. Жансүгіров атындағы университеттің Студенттер үйінің маңына, Өтенай, Еркін ауылдарындағы скверлерге, көп қабатты үйлердің аулаларына ағаштар отырғызылды. Жалпы облыс орталығында 500 жас көшеттер отырғызылса, облыс көлемінде егілген көшеттердің саны 2500-ге жетті. Олардың дені жапырақты және қылқан жапырақты ағаштар. 

Атап өтсек, осы шара аясында Ақсу ауданының Жансүгіров ауылында жыр Құлагері, ақын Ілияс Жансүгіровтің 130 жылдық мерейтойына арнап 130 түп ағаш отырғызылды.

Өзгелердің жаңалығы