Жаңаөзенде мұнай өндіруші компания нысанында апат болып, зақымданған құбырдан су атқылай бастаған. Оқиғаға қатысты Маңғыстау облыстық экология департаменті түсініктеме берді. Бұл туралы Lada.kz хабарлады.
Мамандардың мәліметінше, 27 сәуір күні сағат 15:15 шамасында «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның мұнай дайындау және өндірістік қызмет көрсету басқармасына қарасты №4 теңіз сорғы станциясында диаметрі 1020 мм болатын шығыс құбырында ақау пайда болған.
Зақым салдарынан құбырда тесік пайда болып, сол жерден су фонтанша атқылай бастаған.
Оқиға туралы жер қойнауын пайдаланушы компания сол күні сағат 18:24-те хабарлаған.
Алдын ала мәлімет бойынша, ақаудың нақты себебі әзірге анықталған жоқ. Қазіргі уақытта апат салдары толық жойылған.
Ведомство мәліметінше, зардап шеккендер жоқ.
Экология департаменті осы дерекке байланысты зертханалық-талдамалық бақылау мамандары қоршаған ортаның жағдайына мониторинг жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Тексеру нәтижелері қосымша жарияланады.