Жаңаөзен қаласының тұрғыны әлеуметтік желіде жалған жарнама арқылы бірнеше адамды алдап, ірі көлемде қаржылық залал келтіргені үшін сотталды, деп хабарлайды BAQ.KZ қалалық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тергеу барысында сотталушы А. өзінің "Instagram" желісіндегі "tigin_alemi_" парақшасында қыз-келіншектерге арналған ыдыс-аяқ, кілем, киім-кешек, тұрмыстық техника, мата және жиһаз өнімдерін төмен бағамен сатамын деп жалған жарнамалар жариялағаны анықталды. Жарнамаларға сеніп, алты жәбірленуші оның шотына жалпы сомасы 12 миллион теңгеден астам қаражат аударған.
Сот барысында оның кінәсі мойындау айғақтарымен, жәбірленушілер мен куәгерлердің көрсетулерімен, сондай-ақ қаржылық аударымдарға қатысты түбіртектермен толық дәлелденді. Алайда келтірілген залал өтелмеген. Жәбірленушілер әділ жаза сұрап, ал сотталушы өз әрекетіне өкініш білдіріп, бас бостандығынан айырмауды өтінген.
Сот үкімі бойынша А. Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2) тармақшасы (Алаяқтық) бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енді.