Жаңақорғандық диқандар қарбызды экспортқа шығаруда

30 Маусым 2021, 14:06
1867
Бөлісу:
Жаңақорғандық диқандар қарбызды экспортқа шығаруда

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жаңақорғандық диқандар қарбызды экспортқа шығаруда.

Биылғы жаздың алғашқы өнімі Ақүйік ауылдық округіндегі агро-индустриялық аймақтан алынды. Жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып отырған «Ынтымақ», «Агросервис Жаңақорған» ЖШС-ның қарбыздарына көрші елдерден сұраныс жоғары.

Еңбек етсең жер жомарт. Біздің жеріміз құнарлы, шұрайлы ғой. Тек күтіп баптасаң жемісін молынан береді. Соның дәлелі биылғы өнімдеріміз жылдағыдан ертерек пісіп жатыр. Келісін 75 теңгеден сатылымға шығардық. Өзіміздің елмен қатар көрші елдерден де сұраныс көп. Міне алғашқы өнімдерімізді экспортқа шығарып та жатырмыз. Гектарына 40 тонна өнім алу жоспарда бар. Осы ауылдың 25 тұрғынын бір маусымда жұмыспен қамтып отырмыз, - дейді серіктестік төрағасы Мейіржан Құтыбаев.

Жаңақорған ауданында биыл жалпы 1900 гектарға қарбыз-қауын егілген. Былтыр 3000 тоннаға жуық бақша өнімдері Ресейге шығарылды. Бұл жұмыс биыл да жалғасын табады.

Аудан тұрғындарын жұмыспен қамтып, агрокешенді дамыту мақсатында Ақүйек ауылдық округінде 100 гектар жерге бақша дақылдары егілген болатын. Бүгінде агроаймақта 16 гектар қарбыз өнімі жиналды. Оның 300 тоннасы Ресейге жөнелтілсе қалғаны аудан нарығына шығарылды. Шілде айының басында Жайылманың қарбыздары пісіп, халыққа ұсынылады, - дейді аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиев.

Айта кетейік, бұдан 3 жыл бұрын Жаңақорған кенті, Ақүйік, Сүттіқұдық, Төменарық, Қаратөбе және Қандөз ауылдық округінде агро-индустриялық аймақ құрылған. Мемлекет тарапынан ұсынылған мүмкіндікті пайдалана білген жаңақорғандық тұрғындар нәтижелі еңбек етуде. Жергілікті өнімнің сапасы да бағасы да халық көңілінен шығады. Сұраныс көп. Демек ала жаздай еткен еңбек төккен тердің еш кетпейтінен диқандар жақсы түсінді.



Өзгелердің жаңалығы