Жаңадан жазылып жатқан Қазақстан тарихында не өзгереді? – Еркін Әбіл түсіндірді

 pixabay.com 1 Қазан 2026, 07:30
1 Қазан 2026, 07:30
241
Фото: pixabay.com

Қазақстан тарихының жеті томдық жаңа академиялық басылымына дәлелденбеген және ғылыми негізі жоқ даулы тұжырымдар енгізілмейді. Бұл туралы Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, тарихшы Еркін Әбіл айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Тарихшының сөзінше, жеті томдықты әзірлеп жатқан авторлық ұжым жұмысты аяқтауға жақын. Басылымды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

7 томдықты авторлық ұжым аяқтап жатыр деп айтуға болады. Жыл соңына дейін аяқтаймыз деп ойлаймын. Соны жазғандағы негізгі принцип – халықаралық жалпы ғылыми стандарттарға сай келу. Дәлелденбеген, негізі жоқ, даулы концепциялар 7 томдыққа енген жоқ. Жаңадан жазылған, 100 пайыз өзгертілген тарих деп айтуға болмайды. Бұл ғасырлар бойы қалыптасқан базаға негізделген 7 томдық. Кейбір тақырыптар бойынша белгілі шетелдік мамандар да қатысты, – деді Еркін Әбіл.

Оның айтуынша, Қазақстан тарихына қатысты көзқараста кеңестік кезеңде қалыптасқан ұстанымдар әлі де кездеседі. Сондықтан бірқатар тарихи мәселеге жаңаша ғылыми тұрғыдан қарау қажет.

Шынын айту керек, біздің тарихи санамыз кеңес заманында қалыптасқан. Көбіне соның негізінде болып жатыр. Бұл көзқарасты өзгерту қажет. Осы уақытқа дейін басқа елдерде қалыптасқан көзқараспен қарап жүрміз. Мектеп оқулықтарында Алтын Орда мен Қазақ хандығының байланысы жазылмай келеді, жоқтың қасы. Оның қатарында толған мифтер де көп, – деді тарихшы.

Еркін Әбіл тарихи тұлғаларды мектеп оқулықтарына енгізу мәселесі жеті томдық жарық көргеннен кейін қарастырылатынын жеткізді.

Тарихи тұлғалар жөнінде көп жаздық. Бірақ олардың бәрін мектеп оқулығына кіргізе алмаймыз. Ол үшін өте маңызды критерийлерге сай болуы керек. «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты 7 томдық шыққан соң қарастырылмақ, – деді ол.

Еске сала кетейік , «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» жеті томдық академиялық басылымы Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленіп жатыр. Еңбек ежелгі дәуірден Тәуелсіз Қазақстан кезеңіне дейінгі тарихты қамтиды. Жобаға 300-ден астам ғалым мен 12 елден 50-ге жуық шетелдік сарапшы тартылған. Жеті томдық алдағы уақытта Қазақстан тарихы бойынша мектеп және жоғары оқу орындарына арналған оқулықтарды әзірлеуге ғылыми негіз болмақ.

Наверх