Жаңа заң жобасы борышкердің құқығын қорғайды

23 Желтоқсан 2021, 11:20
1382
Бөлісу:
Жаңа заң жобасы борышкердің құқығын қорғайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Сенат отырысында сенатор Нұрлан Қылышбаев хабарлады.

Оның айтуынша, несиелік ұйымдар мен қарыз алушылар арасындағы қарым-қатынас мәселелерінде отандық қаржы заңнамасы үнемі жетілдіріліп келеді.

Соның шеңберінде банктік келісімдерден туындайтын дауларды сотқа дейін реттеудің, азаматтардың борыштық жүктемесін азайту бойынша қабылданып жатқан шаралар заңнамалық тұрғыдан қарастырылды.

Сондай-ақ банктік келісімдер институтының енгізілді. Шетел валютасында берілген ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландыру бағдарламасы қабылданды. Микроқаржы ұйымдарының ең жоғары сыйақы мөлшерлемесін шектеу заңнамалық тұрғыдан бекітілді. Бұл шаралардың барлығы қарыз алушының жағдайын жақсартуға бағытталған, - деп атап өтті сенатор.

Сонымен қатар ол биыл қыркүйек айында Алматы қаласында қоғамдық резонанс тудырған оқиғаны мысалға келтірді.

Қарастырылып жатқан заң жобасы Мемлекет басшысының осы тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленді және жылжымайтын мүлік ипотекасын, екінші деңгейлі банктердің кепілдік саясатын, бағалау қызметі мен атқарушылық іс жүргізу мәселелерін реттейтін заңдарға өзгерістер мен толықтыруларды қамтиды, сондай-ақ қарыз алушының жағдайын жақсартуға бағытталған, - деді Нұрлан Қылышбаев.

Сенатордың сөзінше, ешқашан өзектілігін жоймаған банк пен борышкер арасындағы қарым-қатынас мәселесі бойынша осы заң жобасындағы барлық түзетулер қарыз алушылардың жағдайын жақсарта түсері сөзсіз.

Сондықтан бұл заң жобасына енгізу ұсынылып отырған түзетулер уақтылы және қажет деп есептеймін. Бұл ретте, осы салаға уәкілетті мемлекеттік органдар проблемалық несиелер саласындағы жағдайға мониторингті күшейтуі керек. Қажет болған жағдайда жоғарыда айтылған жағдайлардың туындауын болдырмайтын нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеуі қажет, - деп отыр ол.  

Еске сала кетейік, Сенат отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару, екінші деңгейдегі банктердің кепілдік саясатын, бағалау қызметін реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды.

Өзгелердің жаңалығы