Жаңа ТЖМ министрі Абай облысындағы волонтерлер жұмысын айтты

20 Маусым 2023, 13:29
982
Бөлісу:
Жаңа ТЖМ министрі Абай облысындағы волонтерлер жұмысын айтты
Фото: Артём Чурсинов

Бұл туралы Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Халықаралық волонтерлер форумында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ол өз сөзін волонтерлік Қазақ елі үшін жаңа зат емес екенінен бастап, бір-біріне қиын күнде қолдау көрсету қазақ халқының қанында барын айтты.

Қазақ еліне репрессия кезінде де қаншама зардап шеккен халық келіп орналасқан болатын. Сонда оларды қолдап, өз үйіне шақырып, дастарханындағы бір түйір нанын бөліскен біздің ел болған. Сондықтан бізге волонтерлік жақын, - деп тарихқа да тоқталып кетті министр.

Сондай-ақ ол Төтенше жағдайлар саласында волонтерлік жұмыс маңызды екенін айтып, Абай облысындағы алапат өрт кезіндегі волонтерлік жұмысқа тоқталып өтті.

Абай облысындағы төтенше жағдай кезінде Төтенше жағдайлар министрлігі, оның жергілікті органдары және волонтерлер қоян-қолтық жұмыс істедік. Волонтерлер әртүрлі бағытта жұмыс істеді. Ыстық тамақ дайындап, суды әртүрлі жердегі біздің қызметкерлерге дереу жеткізіп жүрді. Мен өрт сөндірушілерден күн болсын, түн болсын, «Тамақтарың тоқ па, суларың бар ма?» деп сұрағанда «Бізге волонтерлер бәрін жеткізіп отырды» деп айтты, - деді министр.

Айта кетейік, Абай облысында алапат өрт болды. 8 маусым күні басталған өрт бірнеше гектарға жайылып, өртке жақын маңдағы ауыл тұрғындары қауіпсіз аймаққа көшірілді. 14 маусымда өрттің оқшауланғаны хабарланды.

Өрттен 14 орманшы қаза тапты. Кейін өртті өшіруге аттанған тракторшы Сергей Архиповтің де денесі табылды.

Өзгелердің жаңалығы