Жаңа Қазақстанға жаңа кадрлар қажет- қоғам белсендісі

1 Қыркүйек 2022, 16:03
1210
Бөлісу:
Жаңа Қазақстанға жаңа кадрлар қажет- қоғам белсендісі

Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің проректоры, қоғам белсендісі Ғалым Байтоқ Президенттің Жолдауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ақмола облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Биылғы Жолдауды үлкен үмітпен күттік. Осы жарты жылдың ішінде жаңа өзгерістерді бастан өткердік. Ең бастысы, ойлау жүйеміз өзгеруде. Алдымен экономикадағы түрлі салада өзгерістер орын алуда. Жолдауда экономикалық ұсыныстар көп айтылды. Ең бастысы, Ұлттық қор кірісінің 50 пайызы балаларға бөлінетінін қуантады. Еліміз бұл реформаны көптен күткен еді. Бұрын Біріккен Араб Әмірліктерінде балаларға бөлінетін инвестициялық кіріске қызыға қарайтынбыз. Енді ұлттық қордан бөлінетін қаржы балалардың білім алуы, баспанамен қамтылуына бағытталатын болады. Әрі бұл жастардың Отанға деген патриоттық сезімін қалыптастыруға ықпал етері сөзсіз, – дейді Ғалым Байтоқ. 

Оның пікірінше, саяси электоралды жүйе бойынша Президенттің 7 жыл мерзімге ғана сайлануы туралы шешімді көпшілік қолдайды. 

Өйткені, Жаңа Қазақстанда Президент сайлауы түбегейлі өзгеруі тиіс. Қаңтар оқиғасы, конституциялық реформа, жемқорлардың, олигархтардың әшкереленуі, эконономикадағы тұрақсыздықтар, қоғамды сілкінтті. Президент сайлауы алдағы күзге белгіленіп отыр. Алдағы он жылдықта Президент реформалары іске асатынына сенімдімін. Мемлекет алға жылжымаса, даму болмайды, – деп атап өтті қоғам белсендісі. 

Ол атап өткендей, атқарушы органдарға келсек, келер жылы Мәжіліс пен мәслихат сайлауы жаңаша сипатта өтеді. 

Жаңа Қазақстанға жаңа кадрлар қажет. Жасырары жоқ, бұл Үкіметке де қатысты деп ойлаймын. Өкінішке орай, жаңа кадрларды әлі көріп отырған жоқпыз. Біз елді жаңаша деңгейде түбегейлі өзгертетін жаңа толқынның келуіне күш салуымыз керек. Ал өтірік, ұрлық, жемқорлыққа жол берілсе бұл елге жасалған опасыздық деп түсінген абзал, - дейді Ғалым Байтоқ. 

Ол Жолдауда жерге қатысты біраз мәселе айтылғанын атап өтті.

Өзім «Жер-аманат» комиссиясының мүшесімін. Осы уақыт ішінде игерілмеген және заңсыз пайдаланылған 2,9 млн га жер мемлекет иелігіне қайтарылды. Жыл соңына дейін 5 млн га жер қайтарылмақ. Біз көп өңірлерді, шалғай елді мекендерді аралау барысында жайылым жерлердің тарылғанына көз жеткіздік. Осы кезге дейін қарапайым шаруаларда қолдағы малы үшін жайылым болмағаны анық. Ақмола облысы бойынша 50 мың гектарға жуық жер мемлекетке қайтарылды. Ендігі жерде ауыл адамдары жаңа заманғы ауыл шаруашылығы техникаларымен жер өңдеуге мүмкіндік алады. Ондаған гектар болмаса да, бір-екі гектар жеріне көкөніс егіп, пайда табуға ұмтылатындар саны артады. Кез келген адамның ферма салып, асыл тұқымды мал өсіруге жағдайы жоқ. Мал ұстау үшін жайылым керек. Ірі шаруа қожалықтарының иелері өнімді ұсақ шаруа қожалықтарынан алуы тиіс. Қалада да жер мәселесінде жемқорлық фактілері жетерлік. Кезінде қалалардағы 90 пайыз жер телімі аукционсыз берілген. Қазір тексеріс жүргізуге мораторий алынып тасталды. Мемлекет меншігіне қайтарылған жерлердің қарапайым шаруаларға берілетіні қуантады, – дейді қоғам белсендісі. 

Оның пайымынша, алдағы уақытта елде жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижелері айқын көрінетін болады. 

Президент экономиканы қалай дамытуды аса дәлдікпен болжап отыр. Ауыл шаруашылығын дамыту – басты мәселердің бірі. Аграрлы ел екенімізге ұялудың қажеті жоқ. Австралия, Аргентина да аграрлы ел. Озық технологияның соңынан жүгіре бергенше, алдымен өзімізде барды кәдеге жаратуға тиіспіз. Жер өңдеп, ауыл шаруашылығы тауарларын көбейтіп, сол өнімімізбен экспортқа шыға аламыз. Қазір көршілес Ресей, Қытай елдерінде, жалпы әлемде қазір азық-түлік жеткіліксіздігі орын алуда. Ендеше ауыл шаруашылығын дамытып, көшбасшы атануға толық мүмкіндігіміз бар, - деп түйіндеді Ғалым Байтоқ.

Өзгелердің жаңалығы