Нұр-Сұлтан, BAQ. KZ тілшісі. Қазір азаматтардың осы Қазақ мемлекеті деген ұғымның төңірегінде бірлесуі, қазақтың атына кір келтірмеуі жөніндегі біздің іс-әрекетіміздің саналы, сындарлы, салмақты болуы өте маңызды. Бұл туралы Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп айтты.
Белгілі журналист ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы мәжілістің соңғы отырысында айтқан шешімдеріне қатысты пікірін білдірді.
Қазақстан Президентінің Мәжілісте айтқандары тарихи сөз болды деп есептеймін. Өйткені жаңа Қазақстанды бірге құрайық деген сөзбен аяқтады. Барлық ел өміріндегі өзекті мәселелер ортаға салынды, ашық айтылды. Соның ішінде елдің дамуына негізгі өзек болатын экономикалық саясат, оның ішінде өнеркәсіпті дамыту, өңдеу өнеркәсібін, тау-кен өнеркәсібін, ауыл шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығын субсидиялау мәселелері айтылды. Сонымен бірге халықтың ең қиналған мәселесінің бірі – инфляцияны, яғни бағаның шарықтауын ауыздықтау мәселесіне байланысты, білім сапасын арттыруға байланысты, халықты толғандырып отырған денсаулық мәселесі, әлеуметтік жағдайы деген мәселелердің барлығы да ортаға айтылды, сарапқа салынған салиқалы сөз болды деп бағалауға болады, - деді сенатор.
Оның айтуынша, Президенттің мәселелерді ашық айтып, мәлімдеме жасауы – еліміздің жаңа белеске өткенінің көрінісі.
Біздің жаңа кезеңге көшкенімізді білдіретін мәлімдеме - халықтың жағдайын жақсарту. Бірінші кезекте – елдің тұтастығын қамтамасыз ету, сақтау, егемендікті сақтау, осыған орай, әскерилердің күшін арттыру, ішкі халықты, осы ішкі жұмылдыру мәселесі, кешегі қирандыларды тазарту, қалыпқа келтіру, жағдайды реттеу, осылардың барлығы да өте бір өзекті, ойлы, салмақты және өте қажетті шешімдерді тапсырды. Үкімет бірқатар мәселені екі айдың ішінде жүзеге асыратын кезең-кезеңімен белгілеп берді. Сондықтан да халықтың үміті мен сенімін оятқан, ертеңгі күнге деген осы сенімді орнықтыру ең бір басты мәселе болды. Президент сөзінен осының бәрін аңғардық. Яғни «Қазақстан халқына» деген арнайы қордың құрылатындығы белгілі болды. Демек, біздің бұрынғы көптеген олигархаттық жүйенің, жасалған былықтардың салдарынан болғандығы бізге баян болды. Сондықтан да мына «Самұрық-Қазына», азаматтарды көп толғандырған «утил сбор» мәселесі, сонымен бірге біраз қиындыққа апарған бағаның шектен тыс шексіз бетімен кету мәселесі Ұлттық банкке 3-4 пайыз дәлізін 2025 жылға дейін сақтау мәселесі айтылды, - деді ол.
Сондай-ақ Нұртөре Жүсіп халықтың қуаты елімізді жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдіріп, отандастарымызды жаңа Қазақстанды бірге құруға шақырды.
Ең тағы бір маңызды нәрсе – аймақтарды дамыту мәселесіндегі теңгерімді саясаттың болмағандығы да ашық айтылды. Осыған орай біздің қазақтың білімді жастарының қатарын, яғни, техникалық білімді мамандарды, инженерлерді даярлау мәселесіне ерекше назар аудару тапсырылды. Сондай-ақ батыс аймақтарда жоғары жетекші оқу орындарының бес филиалын ашу, оның ішінде екі техникалық бағыттағы жоғары оқу орындарының ашылатындығы белгілі болып жатыр. Мұның барлығы да халыққа қуат беретін сөздер деп есептеймін. Елдің ішкі қуатына көп нәрсе байланысты. Біз қиындықтан бірге шығамыз. Бірге еңсереміз. Ертеңгі күннің, ұрпақтарымыздың баянды болашағын бәріміз бірге жасаймыз. Қазір азаматтардың осы Қазақ мемлекеті деген ұғымның төңірегінде бірлесуі, қазақтың атына кір келтірмеуі жөніндегі біздің іс-әрекетіміздің саналы, сындарлы, салмақты болуы өте маңызды. Сондықтан бір болайық, бірге болайық. Жаңа Қазақстанды бірге құрайық, - деді депутат.