Қазақстанда балаларды бірінші сыныпқа қабылдау жалғасып жатыр. Жаңа оқу жылында 380 мыңнан астам баланың мектеп табалдырығын аттайды. Қазіргі таңда болжамды бала санының 320 мыңға жуығы, яғни шамамен 84%-ы мектептерге қабылданды.
Оқу-ағарту министрлігінің ақпаратынша, қабылданған балалардың 296 мыңға жуығы мемлекеттік, 23 мыңға жуығы жекеменшік мектептерде білім алады. Қалалық мектептерге 191 мыңға жуық, ауылдық мектептерге 128 мыңға жуық бала қабылданды. Сондай-ақ білім беру ұйымдарына ерекше білім беру қажеттіліктері бар 4 мыңға жуық бала қабылданған.
Болашақ бірінші сынып оқушыларының 71%-дан астамы қазақ тілінде, 26%-дан астамы орыс тілінде, ал шамамен 2,5%-ы басқа тілдерде білім беретін сыныптарды таңдаған. Сонымен қатар өзге ұлт өкілдерінің 2 мыңнан астам баласы қазақ тілінде білім беретін сыныптарға қабылданды.
Құжаттарды қабылдау Оқу-ағарту министрлігі мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің бірлескен бұйрығы негізінде пилоттық жоба аясында жүргізіліп жатыр. Өтініштер 2026 жылғы 27 мамыр мен 31 тамыз аралығында бекітілген кестеге сәйкес кезең-кезеңімен қабылданады.
Өтініштердің 84%-ға жуығын ата-аналар электрондық форматта берген. Құжаттарды eGov.kz электрондық үкімет порталы немесе eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы, сондай-ақ таңдалған мектепке тікелей тапсыруға болады.
Бірінші сынып оқушыларының ең көп саны Түркістан облысында – 50 мыңнан астам, Алматы облысында – 35 мыңнан астам, Астанада – 33 мың, Алматыда – 31 мыңнан астам және Шымкентте – 29 мыңнан астам болады деп күтілуде. Бұл осы өңірлердегі халық санының көптігімен және туу деңгейінің жоғары болуымен байланысты.
Оқу-ағарту министрлігі ата-аналарға құжаттарды уақытылы рәсімдеуді ұсынады. Қосымша ақпаратты таңдалған мектептен, eGov.kz порталынан және eGov Mobile қосымшасынан алуға болады.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда 2026-2027 оқу жылының, мектеп демалыстарының және қорытынды аттестаттаудың жаңа кестесі жарияланды.
Тағы оқи отырыңыз:
Министрлік мектеп формасына қатысты маңызды мәлімдеме жасады
Қазақстанда баланы мектепке дайындауға қанша теңге кетеді?
Қазақстанда әр балаға 50 мың теңгеден беріледі: Көмекті кім және қалай алады?